Қостанай облысында әлемге әсемдік сыйлап жүрген ерлі-зайыпты тұрады
Қостанай облысындағы Тәгіл ауылының тұрғыны Владимир Токарев кез келген кесек ағашты керемет дүниеге айналдыра біледі.
Қолынан шыққан кәдесый, тұрмыстық бұйымдар сәнділігімен, қолданысқа ыңғайлығымен ерекше. Жұбайы Олия да қолөнерден құралақан емес. Киім тігіп, тоқыма тоқиды. Бұйымдарды безендіріп, қалдық ағаштан ойыншықтар жасайды.
Владимир Токарев бұйым жасау үшін ағаш таңдамайды. Кез-келген кесіндіні кәдеге жаратады. Өзіне қажетті шикізатты пешке жағатын отын арасынан да тауып алуы мүмкін. Ең бастысы ағаштың сыртқы пішіні қиялына қозғау салса болғаны.
Владимир Токарев, ағаш шебері:
- Мысалы, мынау бағандағы сымға тиіп тұрғасын электриктер кесіп тастаған көршімнің қарағашының бұтағы. Қырып жонып, өңдеп, балауыз бен зығыр майын жаққасын мынадай жақсы бір дүниеге айналды. Тағам салуға арналған ыдыс. Әдемі әрі өте мықты.
Осылайша хас шебер ешкімге керексіз, елеусіз жатқан ағаштан көздің жауын алатын дүние жасайды. Мына тұрған жеміс-жидек салатын астау бір кездегі теректің шіріген түбірі болатын. Епті қолдар оның иір-шиыр ұсқынсыз пішінінің өзінен әдемілік тапқан.
Владимирдің жұбайы Олияның да қолының ісмерлігі бар. Тоқыманың түр-түрін тоқиды, бұйымдарды безендіреді, кейбіреуін өзі де жасайды.
Олия Токарева, қолөнерші:
- Бірде ол кескен тақтайшалардан көп ұсақ бөлшектер қалды. Мен олардан кішкентай үйшіктер жасадым. Немерелеріме қатты ұнады.
Токаревтар отбасының шаруа қожалығы бар. Мал өсірумен айналысады. Ерлі-зайыптылар кезінде безендіруші-суретші мамандығына оқыпты. Сондықтан мал шаруашылығы олар үшін табыс көзі болса, қолөнер жүрек қалауы, жан азығы.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг