Астанадағы орталық саябақта әскери оркестрлер өнер көрсетеді
Елорданың 25 жылдық мерейтойына орай «Астана – мәдениет керуені» атты әскери оркестрлердің бірінші халықаралық фестивалі басталды.
Думанды дүрмек ертеңге дейін жалғасады. Фестивальге Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы күштерінің музыкалық ұжымдары келді. Қазақстан атынан Президенттік оркестр, Қарулы күштерге қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталығының оркестрі және Ұлттық ұланның ұжымы қатысады. Бүгін кешкі сағат сегізде Орталық саябақта Президенттік оркестр мен Үндістан, Өзбекстан және Жапонияның әскери ұжымдары өнер көрсетеді. Ал «Бәйтерек» монументінің маңында Қазақстан, Ресей және Түркия қорғаныс министрліктерінің оркестрлері өз бағдарламаларын ұсынады. «Хан Шатырда» Әзербайжан, Қытай және Қазақстан Ұлттық ұланының окестрлері өнер көрсетеді. Сегізінші шілдеде «Барыс Арена» мұз сарайында фестиваль гала-концертпен аяқталады.