Солтүстік Қазақстан облысында суретшілер симпозиумы басталды
Солтүстік Қазақстан облысында «Ботай – ұлы дала мәдениеті» атты ІІ халықаралық суретшілер симпозиумы басталды.
Симпозиумға Канада, Германия, Франция, Бенин, Румыния, Грузия, Қызғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 20 қылқалам шебері қатысып жатыр. Өнер иелері Ботай қонысында болып, табиғат аясында сурет салды.
Франк Хантан Ботай тұрағына келе сала қолына қарындаш алды. Ол өркениеттің бастауы болған өлкені салып, қиялына ерік берді. Францияда тұратын суретшінің туындылары халықаралық көрмелерге қойылған.
Френк Хантан, суретші /Франция/:
- Қандай керемет жер? Мен үшін осындай тарихи орынның құдіретін сезінуден асқан бақыт жоқ. Тәнті болдым.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Адамзаттың асауды алғаш ауыздықтаған жері осы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Ботай қонысы. Ежелгі адамдар осыдан 6 мың жыл бұрын жылқыны жүгендеп қана қоймай, дәл осы жерде сүтін сауып, қымыз қылған.
Биылғы қазба жұмыстарында 1 мыңнан аса артефакт пен екі тұрақ табылды. Жер астынан еңбек құралдары мен жылқы сүйектері шыққан. Құнды жәдігерлерді зерттеуге Ұлыбританиядан да студенттер келді. Олар археологиялық маусымға жыл сайын қатысады.
Медди Харт студент, Ұлыбритания:
- Біз осында 6 студент болып келдік. Қазба жұмыстары нәтижелі өтіп жатыр. Табылған заттарды университетке апарып зерттейміз.
Ботай - Қазақстанның киелі жерлері картасына енген мәдениет. Симпозиум қатысушылары тарихи орынды аралап, ежелгі адамдар тұрған қоныстарға да кіріп көрді.
Болат Әсербеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
- Бұл шараның басты мақсаты - Ботай мәдениетін суретшілер арқылы таныту. Олар халықаралық көрмелерге қатысады. Биыл біздің қатарға қосыламын деген адамдар көп болды. Соған қарағанда оларға өте қызық.
Сипмозиум екі аптаға жоспарланған. Суретшілер өлкенің тарихи - мәдени орындарын аралап болған соң Петропавлда арнайы көрме ұйымдастырады. Шарадан түскен қаржы балалар үйлеріне үлестіріледі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков