Қ. Құрманәлінің кітап-альбомы жарыққа шықты
Алматыда көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлінің кітап-альбомы жарыққа шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған композитордың әндері ноталарымен бірге және орындайтын әншілердің суреттерімен қоса енген. Балалық шақтағы суреттері де бар. Қалдыбек Құрманәлі – 40-қа жуық әннің авторы. Оның «Кірмеші жиі түсіме», «Жайықтың толқындары», «Шай ішіп кетсең қайтеді?» сынды әндері кең танылған. Кітапқа енген сирек фотолардың арасында Шәмші Қалдаяқовпен және Алтынбек Қоразбаев үшеуінің түскен суреті де бар.
Қалдыбек Құрманәлі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл Шәмші Қалдаяқовтың ең соңғы кеші ғой. 1991 жылы 25 қаңтар күні. Қазіргі Төле бидің бойындағы филармония, ол кезде Орталық концерт залы деп аталады. Сонда концерті өтті. 3 күн болды. Сол жерде Сәуле Пернебаева түсіріп алған суретке. Сол сурет қана қалып қойды. Енді бұл сурет болмаса, тіптен Шәкеңмен бірге жүргеніме сендіру қиын ғой қазір. Сондықтан Шәкеңнің суретінің тарихы – осы.
Қали Сәрсенбай, жазушы:
- Қалдыбектің әндері неге жақсы айтылады? Неге жұрттың бірден көңіліне қонады? Неге бірден ұялайды? Себебі бұл – ұлттық қайнарлардан кәдімгі, ән өнерінің, дәстүрлі ән өнерінің қайнарынан сусындап өскен жігіт.