Сыр суретшілерінің көрмесі өтті

Қазақстан суретшілерінің тұңғыш көшпелі көрмесі 1928 жылы Қызылордада өткен.

«Кескіндеме кеңістігі» атты тағылымды шара 95 жылдан кейін қайта жаңғырып, қылқалам шеберлері облыстық галереяға 40-тан астам еңбегін әкелді. Мүсіншілердің де туындылары өнерсүйер жұрт назарына ұсынылды. Қоршаған ортаның қатпарлы тұстарын терең байқайтын, бейнелеу шеберлері өлке шежіресі, өңір пейзажы, ауыл көрінісі және тарихи тұлғаларды тақырып ретінде таңдаған. Көрме экспозициясында ең жас қатысушы Дәулетбек Тойшыбаевтың шығармашылығы композициялық және колориттік шешімдерімен ерекшеленеді. 35 жастағы дарын иесінің картиналарын мамандар жоғары бағалады. 

Дәулетбек Тойшыбаев, суретші:

- Біреуі осы Қызылорда облысына арналған «Сарысу» деген жұмысым бар. 2-ші суретім Қазақ хандығына арналған «Қазығын қаққан хандықтың Жәнібек, Керей тектіден» деп ат қойдым картинама. Оның ішінде Жәнібек, Керей, Қобыланды батыр және Қасым ханның жас кезіндегі суреттері бейнеленген. Көбінесе реализмдік түрде жұмыс жасағаннан кейін тарихи деректермен жұмыс жасаймын.   

Кенжегүл Ахметова, көркемсурет галереясының меңгерушісі:

- Көрменің нәтижесінде арнайы Алматыдағы Қазақстан суретшілері одағы төрағасымен бірлесе отырып, онлайн түрде талдау жұмыстары жүргізіледі. Қазан айының басына дейін суретшілердің жұмыстарын талдап, Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде өткізілетін республикалық көрмеге қоюға жұмыс жасаймыз.