Жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы Түркияда аталып өтті
Қазақстандағы детектив жанрының негізін қалаған жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы Түркияда аталып өтті.
Айтулы мерейтойға орай Ыстамбұлда халықаралық конференция ұйымдастырылды. Іс-шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрік тіліне аударылған "Әке туралы ой-толғау" кітабы оқырман қауымға жол тартты.
"Кемел Тоқаев қоғам қайраткері, көрнекті жазушы, белгілі журналист". Осындай атаумен ұйымдастырылған халықаралық конференция қайраткердің туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналды. Алқалы жиынға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы ұйтқы болған. Себебі қарымды қаламгер - осы оқу орнының түлегі.
Абдуллах Кызылжык, «Фараби» еуразиялық зерттеу орталығының директоры:
"Ыстамбұл университеті мен Әл-Фараби ұлттық университетінің бірлескен "Фараби зерттеу орталығының" базасында Анадолыда Кемел Тоқаевты танытуды мақсат еттік. Ғалымдарымыз қаламгер шығармаларын сол кезеңдегі жазушылармен салыстыра отырып, өзіне тән ерекшелігін саралады. Ғылыми деңгейдегі зерттеуді алдағы уақытта да жалғастырамыз".
Танымдық басқосу Кемел Тоқаевтың шығармашылық мұрасын түркі әлеміне кеңінен танытуды көздейді. Туыс елдің зиялы қауымы детектив жанрындағы бірегей туындыларды жоғары бағалады. Ыстамбұл Университетіндегі жиын аясында Қасым Жомарт Тоқаевтың "Әке туралы ой толғау" кітабының да таныстырылымы өтті. Туынды түрік тілінде жарық көрді.
Якуп Өмероғлұ, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы:
"20 ғасырдағы қазақ халқының тұрмысын бір әулеттің өмір тарихының негізінде кітап, биография және әдеби туынды арқылы жеткізуге болады. Ерекше стилде жазылған кітап түрік оқырмандарының көңілінен шығады деген сенімдемін".
Конференцияда Түркия университетінің доктор-профессорлары, оқытушылық құрамы жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы қызықты деректерді бөлісті. Қазақ қаламгерінің әдеби мұрасы тұтас түркі әлеміне үлгі екенін атап өтті.