Түркістанда көше театрларының фестивалі өтіп жатыр

Көрші елдер мен еліміздің әр аймағынан келген үздік 13 өнер ұжымы 2 күн бойы Түркістан қаласын ашық аспан асындағы театр алаңына айналдырды.

Халық қаладағы белгіленген төрт орында көше театрының мәдениетімен танысып, қойылымдарды тамашалауда. Атап айтсақ, Қырғызстаннан келген Талас облыстық музыкалық драма театрының ұжымы Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт» қойылымынан үзінді қойса, Түркия Республикасының Бурса қалалық театры романтикалық комедия ұсынды. Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Суретші» қойылымынан үзінді сахналады. Көше театры – елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанымен театр өнерінің ең көне түрі саналады. Қазіргі таңда мұндай фестиваль өткізу әлемнің барлық елінде қалыптасқан дәстүрге айналған. 

Қанат Садықбеков, қойылымның режиссері:

- Халықаралық көше театрларының фестивалінің қорытындысы бүгін кешке шығады. Кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы жіті қадағалап, төрелігін айтады. Фестиваль қорытындысына сәйкес жеңімпаз деп танылған ұжымдарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.