Ақтөбе облысында ұлттық аспаптың түр-түрін жасайтын қарапайым азамат тұрады

Ерекше домбыра жасаудың шебері!

Ақтөбе облысында ұлттық аспаптың түр-түрін жасап, көпшілікті таңқалдырып жүрген қарапайым ауыл азаматы тұрады. Мұнай өндіру компаниясында еңбек етіп жүрсе де Айжарық Сейітовтің қолынан шыққан домбырасын іздеп келушілер көп. Музыка мен сурет салуға да әуес шебердің туындыларын тілшілеріміз көріп қайтты.

Ағаштан түйін түйген Айжарық Сейітов кезекті домбырасын жасап жатыр. Ол музыка аспабын негізінен қатты ағаштан және неғұрлым желім қоспай шығарғанды жақсы көреді. Сонда сапасы мықты әрі қолдану мерзімі ұзақ болады,- дейді шебер.  

Айжарық Сейітов, шебер:

- 1992 жылы тәуелсіздік алғанымыздың 1 жылдығына қарсы Дүниежүзі қазақтарының "Үкілі домбыра" сайысы дейтін сайыс болды бірінші дүниежүзі шеберлерінің. Ақтөбе облысынан жалғыз өзім қатыстым. Ол кезде сол жидеден жасадым, дәл осындай қылып жасадым. Мына елтаңба, Әнұран сол кезде қабылданып жатқан кез ғой. Сөйтіп, дүниежүзіненен 500-дей домбырашылар қатысты да, іріктеп-іріктеп 25 қалдырды. 1 орын, 2 орын деген жоқ ол кезде. Сол 25-ті награждать етті. 

Шеберді бұл өнерге әкесі баулыған. Ол бала күнінде қолына қалам беріп, түрлі сурет пен мүсін жасауға бағыттапты. Ал ең алғашқы ұлттық музыка аспабын еліміз егемендік алған жылы жасаған. Бүгінге дейін бір-біріне ұқсамайтын ерекше үлгідегі 10-нан астам домбыра жасап қойыпты. Арасында, ұлтымыздың ұлы тұлғалары Ахмет Жұбанов, Махамбет Өтемісұлы секілді бірқатар ардақтыларға арналған туындылары да бар. Шебердің өнерін өз балалары мен ағайындарынан өзге, туып-өскен өлкесі Кеңқияқ ауылындағы жерлестері де үлгі тұтады. Қолынан шыққан дүниелеріне тамсанып, талай көрмелерге де апарып жүр.   

Құлбатыр Сейітов, шебердің інісі:

- Ағамыздың енді 10 саусағынан өнері тамған. Сурет салады, ағаштан ояды, домбыра жасайды, мүсіндер жасайды. Мына Келінтөбе Кеңқияқтың кіре берісіндегі, сол келінтөбені де жасады. Одан кейінгі інілері бар. Олар да шебер. 

Айжарық Сейітов қазақтың қолөнерін дәріптеуден ешқашан жалыққан емес. Ағаштан түрлі бұйым жасап, сурет салу, мүсін жасауды үйренгісі келгендерге де бағыт-бағдар беріп келеді. Мұнай өндіру саласында ұзақ жыл бойы еңбек етіп келе жатқан шебер, зейнет жасына жеткен соң да бұл кәсіпті әрі қарай жетілдіріп, отбасылық ансамблдің респертуарын жаңартпақ ойда. Топты өзі құрған. 

Өнерлі отбасы мерекелік және қоғамдық шараларға да жиі қатысып тұрады. Бірқатар сайыстардың жүлдесін алған. 

 Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев