Тұңғышбай Жаманқұлов 75 жасқа толды
Театр тарланы, «Өнердің Махамбеті» атанған актер Тұңғышбай Жаманқұлов 75 жасқа толды.
Осыған орай Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында театр ғылымы мен білімінің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті.
Тұңғышбай Қадырұлының өнердегі жолы көпшіліктің көз алдында. Ол жарты ғасырдан астам ғұмырын ұлттық мәдениетті дамытуға арнап келеді. 1970 жылы студент кезінде-ақ Мұхтар Әуезов атындағы театрдың актерлік құрамына қабылданады. Содан бері сахнадан қол үзген емес. Академиядағы кездесуге әріптестері, оқытушылар мен жастар қатысты.
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық артисі:
- Театр өнерінің өмірдегі орны және қазіргі беталысы. Өткен-кеткенін ғана айта бермей алдағы болатын жағдайды, келесі ұрпақтың театр өнері жайындағы алатын биігі мен өнер тереңдігін, актер шеберлігін, режиссураның ауқымдылығы жайында үлкен сөз болды. Шәкірттерге, қатысқан адамдарға үлкен пайда болды ғой деп ойлаймын.
Театрдағы рөлдерінің қай-қайсысын алсаңызда біріне-бірі ұқсамайды. Ол Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» сынды көптеген қойылымдарда өз кейіпкерін шебер сомдап шықты,-дейді өнер сыншылары. Театрдағы режиссерлік жұмыстары да жетерлік. Қазақ киносында да өзіндік қолтаңбасы бар.
Арман Күлшанова, Т. Жүргенов атындағы ҚАЗҰӨА профессоры:
- Тұңғышбай ағаның мерейтойына арналған іс-шаралар академияда кең ауқымда өтеді. Бүгін халықаралық конференция, шығармашылық кеш ұйымдастырдық. Ал ертең киноапталық басталады. Мерейтой иесі түскен фильмдерді көрсетеміз. Келем деушілерге есігіміз ашық.
Өнертану ғылымына да көп үлес қосты. 40 жылдай Жүргенов академиясында болашақ театр және кино актерларына дәріс оқып келеді. Шәкірттерінің қатарында көрші елдің жастарыда бар. Бүгінде олардың алды Халық артисі атағын иеленіп отыр.
Бусурманкул Одуракаев, Қырғыз Республикасының ел артисі:
- Бүгін мен біткен сахнада, учебный театр деп қояды оқу театрында Мұхтар Әуезовтың Айман-Шолпанында дипломдық спектакль жақтағанбыз. Қойған Тұңғышбай Жаманқұлов еді. Қазақ еліндегі ұлы, ұлы Абылай хан туралы, Әбілқайыр, Қайыр хан туралы көп әңгіме құратын еді. Қазақ елінің жалпы түркі елінің патриоты десем жаңылыспаймын.
Конференцияда «Тұңғышбай Жаманқұлов. Өнегелі өмір» кітабының тұсаукесері өтті. Басылымда театр туралы мақалалар бар. Сондай-ақ, сыншылардың актер сомдаған кейбір рөлдерге жасаған талдаулары енгізілген.
Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев