Қалмаққа қарсы ерлік танытқан Өтей батырдың портреті музейге тапсырылды
Он сегізінші ғасырдың басында қол бастап, қалмаққа қарсы шайқастарда ерлік көрсеткен.
Қазақтың қаһарман перзенті – Өтей батырдың портреті Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыс етілді. «Қазақ шежіресінің ауызша деректеріне сүйеніп өр тұлғаның портретін жасап шығу оңайға соққан жоқ», дейді туындының авторы, қыл қалам шебері, белгілі мүсінші Сапарбек Ұзақов. Суретші батыр бейнесін дәл келтіру үшін бірнеше этюд, детальдар жасаған. Өтей батырдың барлығы тоғыз портреті салынды. Оның біреуі Астанадағы Ұлттық музейге, екіншісі әскери музейге тапсырылған. Тағы бір данасы Атырау облысына жеткізілмек. Еліміздің батыс аумағын жаудан қорғау жолында өмірін қиған Өтей батыр сол өңірдің Қызылқоға ауданында жерленген.
Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Біз олардың ерлік істерімен мақтанатын, ерлік істерін жас ұрпаққа үлгі ететіндей насихатты жүргізуіміз қажет. Бұл еліміздің тұтастығы, еліміздің бірлігі үшін қажетті мәселе. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой сондықтан бір ғана портретпен шектеліп қалмайды, бұл түрлі құбылыс түрінде, түрлі іс-шаралар түрінде жалғасатын таба береді ғой деп ойлаймын.