Жамбыл облысының абыройын асқақтатып жүрген арғымақ көп

Жамбыл облысында өңір абыройын асқақтатып жүрген арғымақ жетерлік.

Бүгінгі әңгімеміз көкпардан еліміздің 13 дүркін чемпионы болған Әулиеата құрамасы, оның ішінде жылқылары жайында болмақ. Шабандоздар сол тұлпарлармен көкпар шауып, әлем чемпионы атанған еді. Бір қызығы олардың барлығы қарабайыр қазақ жылқылары. Ал олар қалай таңдалады? 

Әулиеата көкпар клубында 19 бас спорттық ат бар. Додаға түсетін негізгі құрамдағы қазанаттарды жеке дара қоражайда ұстайды. Солардың бірі Нұрқасқа есімді мына тұлпар. Таза қанды сәйгүлік 2017 жылдан бері құрама сапында өнер көрсетеді. Қазірге дейін көкпардан алғашқы әлем және Азия чемпионатының жеңімпазы және Қазақстанның 4 дүркін чемпионы атанды.

Шебер шабандоздар мен бабы келіскен тұлпарларсыз нәтиже көрсету мүмкін емес. Сондықтан ат жарататын бапкерлер ерте бастан ел арасын аралап, тұлпар таңдайды. Ұлттық ойынға негізінен қазақтың қарабайыр жылқысы мен ағылшынның таза қанды аттарымен будандасқан қазақы айғырлар мініледі. Олар төзімді, әрі күші басым болады. Әр сәйгүлік атқаратын қызметіне қарай бапталады. «Арғымақты жамандап, буданды қайдан табарсың?» деген мақал да тегін айтылмаса керек.

Төлеген Жұматаев, Ұлттық спорт түрлерінен «Әулиеата» кәсіпқой клубы басшысының орынбасары:

- Аттың жылдамдығына қарай шабуылшы болады. Қаққыш болса қорғаушы болады. Және шеңбердің ортасында жекпе-жек, яғни серкеге көкпаршы таласатын болады. Бұл жерде дайындау ерекшелігі бұл ат жаңағы серкенің үстіне тұрып, қарсыласқа серкені көтеруге мүмкіндік бермеуі керек. Оның бәрі осы біздің шабандоздардың әркімнің өзінің жаңағы атқаратын қызметіне қарай сол атты баптайды.

Мерей Бает, тілші:

Көкпарға жылқылар құнан кезінен, яғни 2-3 жасынан бастап таңдалады. Әйтсе де ойынға аттың кез келген түрі жарамайды. Атбегілер тұлпардың төзімділігі мен ұшқырлығына баса мән береді. Одан соң бірнеше жылдық дайындықтан соң ғана додаға қосады.

Қыс айларында жылқылар көкпар шаппайды. Желтоқсан мен қаңтарда дем алдырып, қалпына келтіру, емдеу жұмыстары жүргізіледі. Бір маусым бойы өнер көрсеткен тұлпарларды жемге қойып, жілік майын толтырады.

Елдос Асыл, ат баптаушы:

Әлсірейді, еті түседі, төмендейді. Оны қайтіп көтеру керек болады, мысалы. Өз-өзіне қалпына келу үшін укол саламыз. Дәрі-дәрмек, витамин саламыз да енді. Азанда, кешке 2 мезгіл жемін береді. 3-4 мезгіл жоңыршқасын салады, мысалы. Сөйтіп қарайды. Ал іші қызып, ат ауырып көп шөп жемеген кезде жоңышқаға жаямыз. Түнгі сағат 4-5 те шыққан.

Атбегілер бұған дейін таза қанды қазақ жылқысына көңіл бөлінбей тұрғанын, тұқымының азайып бара жатқанын талай айтқан. Енді қазақы арғымақтың асыл тұқымды басын сақтауды көздейтін Заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Бастама жүзеге асса, шаруаларды қолдау үшін 5 жыл бойы жылына 140 миллион теңгеден бөлінбек. Бұл өз кезегінде ұлттық ат спортының одан әрі дамуына сеп болады.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә