Қуаныш сыйлайтын қуыршақтар
Алматылық шебер Анна Власова ұмыт болған технологияны пайдалана отырып, мақтадан түрлі ойыншықтар жасайды.
Оның туындыларының әдемілігі сонша, сатып алсам дейтіндер көп екен.
Бұл 19 ғасырдағы орыс және неміс шеберлерінің қолөнері. Содан бері технология мүлдем өзгерген жоқ. Анна Власованың қолымен мақта лезде ертегі кейіпкерлеріне айналады. Қазір ол Ақшақардың бейнесін жасап жатыр. Бұл Жаңа жылға таптырмас сыйлық.
Анна Власова, суретші:
- Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Бір кішкентай қызға қуыршақ жасап үлгеруім керек. Ойыншықтар экологиялық таза әрі қауіпсіз. Тек мақта мен желімнен жасалған.
Аннаның мақта ойыншықтарға деген қызығушылығы бес жыл бұрын басталған. Әлеуметтік желіден басқа қолөнершілердің мақта ойыншықтарды істегенін көріп, өзім жасап көруді қолға алдым, - дейді шебер. Мақтадан кішкентай қуыршақ жасау техникасын меңгерген Анна өнерін ары қарай дамытуды қолға алады. Оның кезекті бір туындысы Алиса қуыршағы өзінің мінсіздігімен және шынайылығымен ерекше. Бұл әдісті үйрену үшін ол Ресейге барып, шеберлігін шыңдапты.
Анна Власова, суретші:
- Ярославль облысының Углич қаласына бардым. Алиса Филиппованың қуыршақтары тамаша деп ойлаймын. Ал мұндай шеберден сабақ алу – шабытыңды оятады. Бұл көбелек, оның қанаттары болуы керек. Матаға тапсырыс бергенмін, алған соң жұмысты аяқтаймын.
Анна бала кезінен сурет салуды, тігуді, тоқуды жақсы көреді. Мамандығы – графикалық суретші, жаңа бағытты меңгеруге жаны құмар. Ол матамен жұмыс істейді, қышқа сурет салады. Тіпті, үй жануарларын жаттықтыратын да өнері бар.
Айналасына мейірім мен сүйіспеншілік тарату – Аннаның ең басты ұстанымы. Ол қолынан шыққан әр ойыншыққа жүрегінің жылуын дарытуға бейім.
Анна Власова, суретші:
- Мен қуыршақтардың жаны бар екеніне сенемін, бірақ әр адам оған өз сезімін сіңіреді. Қандай адам – сондай қуыршақ. Ғажайыптарға сеніңіздер дегім келеді. Жаңа жылдарыңызбен!
Аннаның жиырмаға жуық қуыршағын коллекционерлер қалап алған. Оның ойыншықтары әлі де талай жүректерге қуаныш сыйлайтыны анық.
Гүлжан Көленқызы, Қарлығаш Менаякова, Сержан Жұмабаев, «24.KZ», Алматы.