Ақмола облысында 16 мәдениет ошағы салынады

Ақмола облысында алдағы үш жылда 16 мәдениет ошағы салынады.

Жаңа нысанның барлығы қалаға шалғай орналасқан ауылдарда бой көтермек. Ол үшін ел қазынасынан 4 жарым млрд теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ ескірген мәдениет нысандарын да қалыпқа келтіру көзделген. Тек осы жылдың өзінде оннан астам өнер ошағына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Үлгі ауылындағы мәдениет үйі осыдан жарты ғасыр бұрын бой көтерген. «Ескі ғимарат қыста суық болса, көктемде шатырынан су сорғалайтын», - дейді ауыл тұрғындары. Сол себепті биыл нысанның сырты қапталып, жылу жүйесі толық ауыстырылып жатыр. Төбесі де жөнделеді. 

Дүйсенбай Тоқсанбаев, Үлгі ауылының тұрғыны:

- Сексен төртінші жылы оңдағаннан кейін жөндеп тұрғаны осы. Оған дейін тозды. Өзі жоғалып кетпегеніне риза болдық. Аман сақтап қалдық ел болып жүріп. 

Мәдениет ошағының ауылды жерде орналасқаны болмаса, ішіндегі тіршілігі қаладағыдан кем емес. Яғни өнер ордасында көптеген шығармашылық ұжымдар мен үйірмелер жұмыс істейді. 

Рысжан Әбжанова, Үлгі ауылының әкімі:

- Бізге мәдениет үйі өте керек. Жастарды баулу, жастардың өз өнерлерін көрсетуге, жастардың елде қалуларын, жан-жаққа көшіп кетпеулерін, өз елдерін көркейтіп, дамыту үшін осындай өнер ошағы керек.

Қазір аймақта 15 шақты мәдениет нысаны жөндеуді қажет етеді. Ал оларды алдағы жылдары жаңарту жоспарланған. Жалпы жыл санап өңірде осындай ескірген өнер ошақтары азайып келеді. Мәселен, былтыр 40-қа жуық нысан қалыпқа келтірілген. Салаға бөлінетін қаржы көлемі де соңғы үш жылда 5 есеге ұлғайған.

Айгүл Сәбитова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: 

- 2024 жылды алсақ, бөлінген қаржы 6,3 млрд теңге. Оның ішінде 8 мәдени нысанды салу үшін 3,3 млрд теңге, 13 мекеменің күрделі жөндеу жұмыстарына 2,2 млрд теңге және блок-модульді қазандық сатып алу үшін 225,5 млн теңге бөлінді. 

Бұдан бөлек 23 ауылда мәдениет нысаны атымен жоқ. «Қазір тиісті өнер ордаларының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатыр», - дейді салаға жауаптылар. Жоба мақұлданып, қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный