А. Балаева мәдениет және ақпарат саласын дамыту жоспарын жариялады

www.gov.kz

Былтыр елімізде 44 мәдениет нысаны салынып, 250-ден астам ғимарат күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 45%-ке өсті. Сондай-ақ соңғы 30 жылда алғаш «Халық әртісі» құрметті атағы 8 мәдениет қайраткеріне табысталды. Бүгін Мәдениет және ақарат министрлігі өткен жылға қорытынды жасап, алдағы жоспарды бір пысықтап алды. Ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында тағы нендей мәселе сөз болды?

Мәдениеттің субъектісі – ел, ұлт, халық, ұрпақ және жеке тұлға. Ол бір адам бойынша білім, қабілет, өнер арқылы келеді. Қазір ұлттық мәдениет жаһандану заманында ұрпақ болашағын айқындайтын құндылыққа айналып жатыр. Алқа отырысында министр Аида Балаева: «биылғы жылдың ең маңызды оқиғасы – Қазақстандағы бейбітшілік пен ынтымақты бейнелейтін «Бірлік» ансамблінің құрылуы», - деді. Қазір «Ақжауын» ансамблінің республикалық мәртебесін қалпына келтіру мәселесі де назарға алынған. Ал мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережелері биылдан бастап өзгерді. Ұсынылған кино-өнімдердің үздігін арнайы сараптамалық кеңес таңдайтын болады.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгерді. Атап айтқанда, Ұлттық киноны қолдау орталығы алдымен сценарийлерді қабылдап, үздіктерді сараптама кеңесінен іріктейтін болады. Ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланатын болады. 

Жаңашылдық тек киноиндустрия саласында ғана емес. Тарихтан сыр шертетін жәдігерлердің өміршеңдігін сақтап қалу үшін Ұлттық музей жанынан реставрация орталығы құралады. Сондай-ақ Қазақстанда ұлттық электрондық кітапхана жүйесі енгізіледі. Биылдың өзінде пилоттық жобаға 2 обылстық кітапхана қосылмақ. Бұдан бөлек, телеарналарда балалар контентіне көбірек көңіл бөлінетін болады.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Телеарналарда балалар контенті, экологиялық мәдениет, қарапайым еңбек адамы, ұлттық дәстүр, тәрбие, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету секілді өзекті тақырыптарға басымдық берілуі тиіс.

Қазақта «әдебиет – ардың ісі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл ұғымға адалдық танытып келе жатқан талай жан бар. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар мен сатып алынатын жазбалар саны жылдан жылға артып келеді. Қазір жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында министрлік жанынан әдеби клуб құру жоспарланған. Жиында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы «Мәдениет туралы» Заңға «баспа және әдеби редактор» деген тармақты енгізіп, министрге осы мамандықтың мәртебесін көтеруді ұсынды. Аида Балаева өз кезегінде әдебиет дамымай, басқа саланың дамуы мүмкін емес деп, ұсыныстың назарға алынатынын айтты.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- Мен өзім «Мәдениет туралы» Заңға жазушының мәртебесін енгізу туралы ұсынысты толық қолдаймын. Сонымен бірге «баспа мен редактор» тармағын енгізуді ұсынамын. Өйткені соңғы кезде баспа да, редактор да кітап шыққан бойда ұмыт қалады. Әсіресе әдеби редактор деген мамандықтың мәртебесін көтеретін уақыт әлдеқашан жетті.

Президент мемлекет мүддесін, қоғамның қажеттіліктерін және БАҚ саласының дамуына ерекше мән беріп, жауаптыларға тиісті тапсырма жүктеген еді. Биыл «Масс-медиа» заң жобасы қайта қаралып, Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Қазір салалық журналистика бағыты дамып келеді. Бұдан бөлек, алқалы жиында креативті индустрия да талқыланды. Шығармашылық индустрияны қолдау бойынша Мемлекет басшысы шаралар кешенін әзірлеп, оның ішінде әр облыс пен ірі қалаларда арнайы орталықтарды қалыптастырып, оған қатысушыларға коммерцияландыру көмегін көрсету жөнінде нақты міндет қойған еді. Жауапты ведомство саланы дамыту үшін барлық жағдай жасап жатыр.

Мақпал Жұмабай, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми орталығының бас директоры:

- Креатив хабтар – қоғамды рухани өркендеуге бастайтын креаторлардың тамыр жаятын жері. Бұл жерде адамзатқа ортақ мәдени құндылықтар өмірге келеді. Әлемдік кретив индустриядағы хабтардың рөлін зерделей келе, 2019 жылы елдегі алғашқы креатив хаб, әлеуметтік-мәдени кеңістік «ÓzgeEpic» құрған болатынбыз. ÓzgeEpic креатив хабы қазір Алматымен қатар мәдени астанамыз Түркістан қаласында және бас қала Астанада өз жұмысын жүргізіп жатыр.

Өткен жылы министрлік дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2028 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Қоғамдық кеңесті үйлестіру орталығын ашты. Биылға да ауқымды жоспар бекітті. Енді министрлік архив саласын түгел цифрландыру, 7 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталын іске қосу және кадрларды даярлау алгоритмін ретке келтіру міндетін алға қойды.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ерлан Наурызбаев, Бағдат Қайыркен.