Көрерменін табар көркем ой
Түрікменстанда Қазақстанның мәдени күндері өтеді. Іс-шаралар легі күзде, нақтырақ айтсақ, қазан айына жоспарланған.
Күні кеше екі жақ дайындық барысын пысықтады. Жоспар ауқымды. Тарқатар болсақ, Ашхабадта кең көлемде өнер көрмесі және шығармашылық ұжымдарының концерті ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Түрікменстан халқы қазақ кино өнерінің жауһарларын апта бойы тамашалауға мүмкіндік алады.
«Ақшидегі» ангшлаг
Алматы облысынының Іле ауданындағы «Ақши» халық театрының құрылғанына биыл 45 жыл. Осы уақыт ішінде театр еліміздегі іргелі өнер ұжымына айналды. Жаңа құрам кәсіби артистерден жасақталғандықтан, ұжым облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Мұны көзіқарақты көрермен біледі.
Шалғай ауылдардағы көркемөнерпаздардың өз күшімен құрылған халық театрлары әр ауыл мен ауданның ажарын кіргізетін бірегей орталықтар болып саналады. Алматы облысындағы сондай өнер ұжымдарының бірі – «Ақши» халық театры. Оның негізін осыдан 45 жыл бұрын Наурызбай Мукарамов, Гүлнар Ахметбаева, Әниполла Есембековтер қалады. Театр қазір жаңа құраммен өнер көрсетіп жүр. Штатында 13 адам бар. Соның тең жартысы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген кәсіби актерлер. Театр халықтық атағын өзінің 40 жылдық мерейтойында Сұлтанәлі Балғабаевтың «Енелер мен келіндер» спектаклімен қорғады.
Қуаныш Қонысбеков, "Ақши" халық театрының актері:
- «Енелер мен келіндерден» бастап қорғадық. Одан кейін «Қаңбақ шал» қойылды. «Абай» қойылды. «Жамбыл» қойылды. «Қол» деген осы жақын арада бір ай бұрын біздің премьерамыз болды. Дегенмен ауыз толтырып айтатын, көзге көрінетін бір үлкен дүниеміз – ансамбльдің сүйемелдеуімен жанды дауыста қойылған «Абай» деп айтуға әбден негіз бар.
Жасұлан Түсіпбеков, "Ақши" халық театрының көркемдік жетекшісі:
- Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша ғой енді, трагедиясын алып отырмыз, түпнұсқасын. Өзімізше, актерлер аз ғой бізде, барынша қысқартып, ықшамдап, сахнада трагедияны қойдық. Осыдан 4 жыл бұрын. Ол спектакльмен біз Талдықорғанға барып, фестивальға қатыстық.
Театр «Абай» қойылымын «Сарытауқұм» халықтық ансамблінің сүйемелдеуімен қойып жүр. Жасанды бояуы жоқ, жанды, табиғи дүние болғандықтан, Талдықорғанда өткен облыстық байқауда «Ақши» халық театры бірінші орынға ие болған еді. Олар өткен жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Ес-Аймақ» республикалық халықтық театрлар фестивалінде бас жүлдеге ие болды.
Жасұлан Түсіпбеков, "Ақши" халық театрының көркемдік жетекшісі:
- Халық театрлары өшіп қалды, жасап жатты, бірақ мемлекет тарапынан қатты қолдау болмағаннан кейін барынша, ұжымда кім бар, солармен ғана спектакльдер қойылып жүрді. Қазір көбі профессионал актерлер. Ұжымда Жүргеновті бітіргендер көп.
Бұл өнер ұжымы өткен жылдың желтоқсан айында жазушы Сая Қасымбектің жемқорлық тақырыбына арналған «Қол» атты қойылымының тұсаукесерін өткізді. Алда Халықаралық театр күніне орай Мұхамедқали Қасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» комедиясын қоймақшы. Іле ауданының «Ақши» халық театры өзінің 45 жылдық мерейтойын биыл ауыл, аудан көлемінде атап өтуді жоспарлап отыр. Жергілікті халық бекзат өнер иелерінің қатысуымен өтетін халық театрының репертуарындағы барлық қойылымды тамашалайтын болады.
Серке театрының серпілісі
Биыл Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрының репертуары 8 жаңа қойылыммен толығады. Одан бөлек Жошы ұлысының 800 жылдығы мен Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай бөлек-бөлек спектакль ұсынады.
Қазіргі таңда өнер ордасында дайындық қызу. Қойылымды көрермен талғамына сай жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін тың тәсілдер мен түрлі эксперименттерді сынақтан өткізуде. Тіпті шетелдің театр қайраткерлерімен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан.
Соңғы жылдары қазақстандық театрлардың эпикалық, поэтикалық тәсілдерге қызығушылығы артып келеді. Бұдан бөлек кезінде жиі қолданылғанымен кейін ұмытыла бастаған пластика деген әдіс бар. Яғни кейіпкердің ішкі ойын көрерменге қимыл-қозғалыс арқылы жеткізу. Театр ұжымы кезекті қойылымын дәл осы тәсілмен ұсынбақ. Ол үшін шетелдерден арнайы мамандар шақырылған.
Илья Подчезерцев, режиссер-пластограф (Мәскеу):
- Бұл қойылымның негізгі тақырыбы жемқорлық мәселесіне арналған. Сондықтан пластика тәсілімен беруді жөн санадық. Себебі қимыл-қозғалыспен берілген бас кейіпкердің ішкі толғанысы өте әсерлі болады. Кейіпкердің болашағына алаңдаған көрермен қойылымдағы негізгі мәселенің шешімін іздейді.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар театр осыған дейін 200-ден астам спектакль сахналаған. Көрермен талғамына орай жыл сайын репертуар жаңа қойылымдармен толығып тұрады. Биыл бұл қатарға республика бойынша аталып өтілетін атаулы даталар аясындағы туындылар қосылады. Жошы ұлысының 800 жылдығы мен академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына арналған тарихи шығармалар сахналанады.
Кенжетай Жүсіпұлы, театр актері:
- Халықты бір ғана нәрсемен таңқалдыра алмайсыз ғой. Әртүрлі жанрда қойсаңыз, әркімнің талғамы әртүрлі. Біреуі комедияны, біреуі трагедияны жақсы көреді. Театрымыз сол бағытта жұмыс істеп жатыр. Қазір 6 қойылым драма труппасында. Сосын бізде кукла труппасы бар. Оларда 2 спектакль. Жалпы 8 спектакльмен толықтырылады.
Былтыр өнер ұжымына облыстық мәртебе берілді. Бұл өңірдің жаңа облыс ретінде құрылуының нәтижесі. Театрдың жарық және дыбыс аппараттары толығымен жаңарды. Соның көмегімен осыған дейін техникалық қиындықтарға байланысты кейінге ысырылып келген жобалар жүзеге аса бастады. Бүгінде шалғайдағы театр Франция, Ресей, Украина секілді шетелдердегі ұжымдармен шығармашылық әріптестік орнатқан.
Досхан Сәкен, театр директоры:
- Бұл бізге не береді?! Біріншіден – біз қазіргі әлемдегі заманауи театр тілімен танысамыз. Әлемдік театр тілі әдістерінің өзгеруі, әрі қарай қай бағытта жүруіне біз де ізденіс үстіндеміз. Жезқазған театр меккесі деп аталған атау бар. Сол атауға лайықты болуға тырысамыз.
Артистер қатары жас мамандармен толығып, техникалық жабдықтары толығымен жаңарған ұжымның жаңа ғимаратқа көшетін күні де алыс емес. Өңірді дамытудың кешенді жоспарында ғимарат салу да бар.
Кореядағы көрме
Оңтүстік Кореяда қазақстандық суретшінің көрмесі ашылды. Пусанда Бибігүл Смақованың 30-ға жуық картинасы ел назарына ұсынылды. Келушілер көрмеден қандай ой түйіп қайтты? Жалпы жергілікті тұрғындар Қазақстан туралы не біледі?
Бибігүл Смақова - Пусан жұртшылығына таныстырылған тұңғыш қазақ суретшісі. Көрме еліміздің осы қаладағы Бас консулдығының мұрындық болуымен өтті. Майлы және акрил бояуымен салынған суреттерден кейбір Пусан тұрғындары Қазақ жерінің әсем табиғаты мен кеңпейіл халқының бет-бейнесін алғаш рет көрді.
Шим Хен Джин, көрме ұйымдастырушы:
- Мен дәрігермін. Жұмыс бабымен қазақстандық әріптестермен жиі араласамын. Бір мәрте Алматыны көру бұйырды. Өте әдемі қала, таулары ұнады. Мына суреттерге қарап, Қазақстанға қайта барғым келді.
Ким Мен Сук, Пусан қалалық халықаралық әйелдер ассоциациясының басшысы:
- Мен Қазақстанда болдым. Бұл көрме маған сол сапарды еске салды. Маған мына қар басқан таулардың суреті ұнады, өйткені Кореяда мұндайды көрмейсің.
2 жыл бұрын Пусанда еліміздің Бас консулдығы ашылды. Содан бері бұл қалаға қазақтың халық музыканттары ағыла бастады. Қазақ киносының апталығы да ұдайы өтіп тұрады. Қос елдің мәдени байланысы одан әрі де нығая түседі деуге негіз бар. Себебі Қазақстаннан Пусанға әуе рейсін ашу мәселесі қарастырылып жатыр.
Аян Қашабаев, ҚР Пусан қаласындағы бас консулы:
- Сеулге ұшатын әуе рейстері адамға толы келеді. Мына жақта, Пусан өңірінде де қазақстандықтар көп тұрады. Пусанда студенттер бар. Тікелей рейс ашуға мүмкіндік жетеді. Осы мәселені қала мэрімен кездесуде көтердік. Жан-жақты ойластырып, рейс ашу жағын қарастырамыз.
Бибігүл Смақованың көрмесі Пусанда апта соңына дейін жалғасады. Ал одан соң бұл бірегей картиналарды Киме қаласының тұрғындары тамашалайды.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешев, «24.KZ», Алматы облысы
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева «24.KZ», Ұлытау облысы
Владислав Цой, Ольга Лян, «24.KZ», Оңтүстік Корея