Ақтөбеде домбыраға қызығушылық артқан

Аспап жасаушылар тапсырыстың көбейгенін айтады.

Біразы тіпті көмекші де алыпты. 

Ақтөбеде домбыраға қызығушылық артқан. Аспап жасаушылар тапсырыстың көбейгенін айтады. Сондықтан біразы тіпті көмекші де алыпты.  

Марат Қабижанұлы кезекті домбыраны  жасап жатыр. Ұлттық аспапқа сұраныс көбейіпті. Ол ескірген домбыраны да жөндейді. Бұл іспен 1970 жылдан бері айналысады.  Содан бері кәсібін тастаған емес. Домбыраға қажет ағашты да өзі таңдайды. 

Марат Қабижанұлы, шебер:

- Домбыра жасайтын ағаштың көбін қазір шетелден әкеліп жатыр. Ал бірақ негізі қайың деген ең бір жақсы ағаш екені, ол иілгіш келеді әрі жұмсақ келеді. Сол жаңғақтан істеледі. Бұның көбісі Түркістан жақта өседі. Бар дүниемен өзіміздің талабымызды істей береміз. 

Қарияның ақындығы бар, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, дүниетанымы туралы 10-нан астам кітаптың авторы әрі суретші. Батагөй ақсақал бата беру сайысында да талай жүлде алды. Қазір немере, шөберелерін домбыра жасауға баулып, ұлттық мейрамдарды насихаттап отырады. 

- Жансыздарға жан бітіп, келді бүгін наурызым. Күн мен түнде теңеліп, қуанышты ұл-қызым. Қызғалдақтар құлпырып, жан-жануар тіріліп деп, сондай өлеңдерім бар.

Мұратхан Таңатарұлы да ұлттық музыка аспабын жасайды. Бұл өнерді жас мұғалім үш жыл бұрын Алматыға арнайы барып, Темірбек Жүргенов атындағы академияның ұстазы Бекнұр Қашқыновтан үйренген. Содан бері, жұмыс орнындағы шағын шеберханада 100-ден астам добыра жасады. Өзінің айтуынша, домбыраға тапсырыс көбейген соң көмекші алған. Ал тапсырыстан бала мен өнер адамының талғамы бөлек болатынын білдім дейді.  

Мұратхан Таңатарұлы, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің мұғалімі:

- Ұлттық өнер дамып келе жатыр бізде ше. Домбыраны айтпасаң да басқа өнер, мысалы, қолөнер, онда ер жасау болсын, басқа да астау жасап жатырмын неше түрлі. Ағаштан ұлттық кеселер жасалады. Қазақстанның өзінде қаншама шеберлер бар. Қолөнер бүгінгі таңда дамып келе жатыр. Рухани байлығымыз ғой біздің. Сондықтан қолөнер ешқашан қалмайды, ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады деп сенем мен. Балаларда да қызығушылық жақсы.

Облыста аспап жасайтын шебер аз емес. Олардың қолынан шыққан дүниелер мерекелік іс-шаралар кезінде көпшілік назарына ұсынылады. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков