«Чанаккале жеңісі» фотокөрмесі ашылды
Биыл Анадолы тарихында елеулі орны бар «Чанаккале жеңісіне» 109 жыл толады, деп хабарлайды 24KZ.
Осыған орай Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы, Қазақстандағы Түркия Елшілігі мен Қазақстан Қарулы Күштерінің Мемлекеттік Әскери-тарихи музейі бірлесіп, «Чанаккале жеңісі» атты фотокөрме ұйымдастырды. Тарих толқындарынан сыр шертетін 40-қа жуық фото Түркияның Бас қолбасшылық мұрағатынан арнайы алдырылған. Көрме 20 наурызға дейін жалғасады.
Айта кетейік, бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ыстамбұлды басып алуды көздеген Антанта одақтастарына қарсы шайқаста 400 мыңға жуық түрік әскері күш біріктіріп, оның 250 мыңы қаза тапты. Әскери-теңіз шайқастарынан нәтиже ала алмаған британдық және француздық сарбаздар 1915 жылы 18 наурызда шегінуге мәжбүр болған. Осы жеңістен кейін Анадолыда ұлт-азаттық күрес жалғасып, 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік басшылығымен Түркия Республикасы құрылды.
Мұстафа Капуджу, Түркияның Қазақстандағы Елшісі:
- Бүгінгі көрменің негізі руханиятта. Себебі Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасы тәуелсіздіктен кейін де, оған дейін де өте жылы болған. Ынтымағымыз әрдайым берік. Қайғыда да, қуанышта да бірге болуға ұмтылдық және осы көрме Чанаккале жеңісін ғана емес, сол соғыста опат болған шейіттерді де ұлықтайды. Солай бүгінгі 14 наурызбен қатар 18 наурыздағы еске алу күнін қатар үйлестіріп отырмыз. Түркияның тарихы қазақ халқы үшін қандай маңызды болса, Қазақстан тарихы түріктер үшін сондай маңызды. Сол себепті осындай көрменің өтуіне мұрындық болып отырмыз.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл тарихты біздің білуіміз бәрімізге міндетті. Неге десеңіз, сонау кездері «Қазақ» газетінде жазған Алаш ардақтыларының «Түрік Жумхуриятының ең соңғы үміті – Түркияның да күні бітіп бара жатыр. Түркияның да туы жығылуға жақын қалды», – деп ерекше бір қынжылыспен жазған мақаласын оқығам. Бірақ осы мүмкін емес тарихтағы жағдайды мүмкін қылған осы шешуші шайқастың бірі – Чанаккале шайқасы. Егер сол кезде Түркияның басындағы жағдай қиын болған кезде бүгінгі күні түркі елдерінің бас біріктіруі жайлы айту қиын болар еді. Сондықтан Түркияның жеңісі біздің түркі халқының ортақ жеңісі деп айтуға толық негіз бар.