Оңтүстік Кореяда Наурыз мерекесі тойланды
Оңтүстік Кореяда Наурыз мерекесін атап өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Осы елде тұратын отандастарымыз қазақ ұлттық киімдерін киіп концерт ұйымдастырып, түрлі дәстүрлі ойындар өткізді.
Кореяның оңтүстігінде өткен Наурыз мерекесінде халқымыздың сал-дәстүрлері бойынша викторина ұйымдастырылды. Жігіттер арқан тартып сайысып, қыздар арасында ең үздік ұлттық киімі иесі анықталды. Байқауда озып шыққан Бота Әлібек Оңтүстік Кореяға келіп тұрып жатқанына биыл 5 жыл болады. Бұл – оның таңғы шық елінде Наурызды алғаш тойлауы. Қазақстанда университетте ұстаз болған Бота қазір елімізде өз кәсібін ашу үшін қаржы жинап жүр.
Бота Әлібек, Кванджу қаласының тұрғыны:
- Бұл киімдердің бәрін Қазақстаннан арнайы алдыртқанмын. Әшекейлер, сол бәрі баяғы заманнан келе жатқан әдет-ғұрып салт-дәстүрлерінің белгілері ғой. Осы жерде ғана бірінші рет киіп тұрмын, болашақта енді көреміз, қазақтың ұлттық киімдерін бір сауда орталықтарына барып көрсететін шығармын.
Мерекелік шараны Армандасай бірлестігі ұйымдастырды. Бірлестік белсенділерінің бірі – Жамбыл облысынан келген 23 жасар Абдолла Бай. Жас жігіт қазір корей елінде мерекелерде ән айтып, асаба болып жұмыс істейді.
Абдолла Бай, Инчхон қаласының тұрғыны:
- Бір спонсор жағынан, қаражат жағынан ешқандай демеушілік жоқ. Өзіміздің басымызға келген идеяны жүзеге асырып, жалпы осы қазағымыздың салт-дәстүрін шетелде жүріп дәріптеп, осы нәрсені ұмытып кетпейік деген мақсатпен осы ұйымдастырып жатқан жайымыз бар.
Оңтүстік Кореяда қазір 30 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Бүгінде екі ел арасында азаматтарымызға жұмыс визасын беру туралы келіссөздер жүріп жатыр. Сондықтан келешекте қазақ диаспорасының саны арта түсуі мүмкін.
Айымгүл Мусина, Чанвон қаласының тұрғыны:
- Еңбек визасы беріледі деп жатыр. Берілсе, жақсы болар еді. Әр қазағымыз осы жаққа келіп жұмыс жасағылары келіп жатыр.
Азамат Жанәбіл, Чанвон қаласының тұрғыны:
- Кореяда негізі «қашан қайтасыз» деген сөз қиын негізі, әр жыл қайтамыз деп отырмыз, сол жүрміз. Бір Алла біледі.
Мерекелік шара жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 6-ға дейін жалғасып, соңы ауызашарға ұласты.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.