Балаға ою-өрнекті балабақшадан үйрету керек

Талдықорғанда тұратын Жақан Бәрімбеков ел аралап жүзден аса ою-өрнек түрін жинақтаған.

Олардың мән-мағынасын зерттеп, эскизін жасап, соның негізінде бірнеше кітап жазып шығарды.

Ғалым: "Балаларға ою-өрнекті балабақшадан бастап үйрету керек. Сонда ғана жаһандану заманында жұтылып кетпей, ұлттық болмысымызды сақтап қаламыз", - дейді.

Апамның баласы болдым. Кішкентай кезімде апам өз ауылына алып кеткен.

Апасының киіз басқанын академик Жақан Бәрімбеков кішкентай кезінен көріп өскен. Текеметтегі түрлі түсті ою-өрнек бала қиялын дамытып, оның сурет салуға деген әуестігін оятты. Арман қуған жас кейін жоғарғы оқу орнына түсіп бейнелеу және сызу мамандығын меңгерді. Осы кезден қазақтың ою-өрнегін зерттеп, тарихының тереңде екенін түсінген.

Жақан Бәрімбеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, профессор:

- Оюдың пайда болғанына 20 млн жыл болды. Археологтар айтады ғой. Бірінші түзу сызық қана болған. Ою - біздің өміріміз. Оюды тек қайшыны алып, қағаздан, материалдан ою керек деп түсініп жатады. Оны ою үшін ой керек. Оюдың 250 түрі кездеседі. Әрбірін таратсақ оның ішінде 100 ден астам атауы бар.

Жақан Бәрімбеков халықтық мұраны жан-жануарлар, өсімдіктер, геометриялық және ғарыштық деп төрт топқа бөледі. Олардың әрқайсысы қазақтың ұлттық болмысын, таным түсінігін айшықтайтынын айтады. «Мазмұны бай, мағынасы терең ою-өрнектің бірі мемлекеттік туымызда бейнеленген», - дейді ғалым.

- Көк байрағымыз желбіреп тұрғанда, мына өрнекті көргенде жүрек көтерілу керек. Бұл - түйетабан. Бұл бостандық мәңгілік, қандай қиыншылық болса да өз мақсатында жететін ел болу  керек. Сол үшін бейнеленген.

Профессор көпжылдық зерттеу негізінде ғылыми мақалалармен қатар төрт кітап жазды. Оның біріншісі балабақша бүлдіршіндерін баулитын оқу әдістемелік құрал, екіншісі оқушыларға, үшіншісі студенттерге лайықтап шығарылған. Ал төртіншісі көпшілік оқырманға арналып отыр.

Мұратбек Иманғазинов, филология ғылымының докторы, профессор:

- Қазақтың әдемілік эстетикалық болмысына байланысты жан-жақты пайдалану керек. Іске асыру керек. Сонда ғана адамның ой өрісі өзінің философиясы, болмысы ашылады деп есептеймін. Жахан Шелбаевичтің еңбегі қазақ халқының ерекше рухани болмысы десек қателеспейміз.

Академик 40 жылдан аса ұстаздық етті. Облыстық жоғары оқу орнында факультет ашуға атсалысып, ұлт мұрасын түгендейтін маман дайындауға зор үлес қосты.

Бақыт Есімқұлов, филология ғылымының кандидаты:

- Жахан Шелбаевич ағамыз өте дарынды адам, елге танымал ғалым, өте еңбекқор адам. Уақытын аямай бүкіл бос уақытын балаларға бөледі.

78 жастағы ғалым қартайдым деп қарап отырған жоқ. Балаларға сабақ берумен қатар ою-өрнектің қолданылуын, реттілігін түсіндіретін жаңа кітап жазып жатыр. «Бағзы заманның шежіресіндей болған ұлт мұрасын сақтап, өшпестей етіп өскелең ұрпаққа қалдыру басты арманым», - дейді академик.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев