Елімізде алғаш рет «Әншуақ» балалар әндерінің фестивалі өтіп жатыр
Қазақстанда алғаш рет «Әншуақ» балалар әндерінің фестивалі өтіп жатыр.
Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған байқаудың мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеп, қазақ елінің рухани қазынасын байыту. Фестиваль аясындағы концерттің бірі бүгін Алматыдағы оқушылар сарайында өтті. Бұл байқауға қатысу үшін жанды дауыстағы орындалған әнді әлеуметтік желіге жүктесе жеткілікті.
Әлеуметтік желіде танылып, көрерменнің ықыласына бөленген жас әншілердің жүздерінен толқу байқалады. Бірақ бәрі нәтижелі өнер көрсетуге дайын. Жұлдыз Өміржан «Туған ел» әнін орындайды. Бүгінгі фестивальге тәлімгері мен ата-анасын ертіп келіпті. Әнді таңдағаннан кейін ұзақ дайындалдым, - дейді ол.
Жұлдыз Өміржан, қатысушы:
- Қазіргі уақытта мен Әншуақ бағдарламасына 1 айдан астам уақыт дайындалдым. Өзім вокалмен 2019 жылдан айналысамын. Яғни қазіргі уақытта 4 жыл болды. Осы бағдарламаға дейін көптеген конкурстарға қатысып орындар алдым.
«Әншуақ» фестивалінің іріктеуі ақпанда басталған. Республикалық маңызды байқауға Алматыдағы 200-ден аса мектептің оқушылары қатысты. Олар жанды дауыста орындаған әндерін видеоға түсіріп, жазбаны әлеуметтік желіге жүктеген. 20 мыңнан аса қаралым жинаған бейненің авторлары бірінші кезеңге шақырту алыпты.
Кәмшат Әбділда, білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері:
- Ең жоғарғысы 3 миллионнан ең төменгісі 20 мыңға жуық қаралым жинаған қатысушылар бүгін Оқушылар сарайына келіп өзінің өнерін көрсетуде. Енді Әншуақ фестивальінің кезеңдерін айта кететін болсам, бізде бірінші кезең наурыз айында, екінші кезең сәуір айында, үшінші кезең мамыр айында Әншуақ күнделігіне сәйкес жалғаспақ.
Ал Дастан Тұрдалы бес жасынан бастап ән айтып келеді. Талай байқауларға қатысып, тәжірибе жинақтаған. Қазір вокалмен кәсіби түрде айналысады екен.
Дастан Тұрдалы, қатысушы:
- Гүлстан-Қазақстан әнін айттым. Бұл ән Құрмаш Маханның әні. Бұл әнге өте мықты қызу дайындық болды. 10 жасымнан бері осы әнді айтып келемін. 10 жасымнан бері осы әннің техникаларымен жететін ноталарына жеттім. Ең үлкен конкурсым Жас қанат байқауында 2023 жылы бас жүлдені алдым.
Фестивальдің мақсаты музыка арқылы балалардың мәдени және тілдік білімдерін дамыту. Оған қоса қазақ тіліндегі балалар әндерінің репертуарын байыту. Тағы бір мақсаты-интернеттегі қазақ тілді контенттің үлесін көбейту. Қазір әр өңірде осындай іріктеу жүріп жатыр. Жүзден жүйрік шыққандары 1 маусымда Астанадағы гала-концертте өнер көрсетеді.
Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов