Эпосты жатқа айтқан оқушылар
Түркістанда оқушылар арасында эпостық жырлар мен қисса-дастандарды жатқа айтудан облыстық байқау өтіп жатыр.
«Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» деп аталатын сайысқа аудан-қалалардан жүзден аса бала қатысты.
Жасөспірімдер «Мұңлық-Зарлық», «Ер Тарғын» және «Алпамыс батыр» жырларын бастан аяқ жатқа айтуы тиіс.
Байқаудың алғашқы күні үміткерлер «Алпамыс батыр» жырын жатқа соқты. Қазылар алқасы балалардың дайындығын тексеру үшін түрлі айла-әдіске барды. Жырды орта жолдан үзіп, өздері кез келген жерінен бастап, ары қарай жалғастыруды талап етті. Мүдірмей жалғастырғандары да, шатасқандары да болды.
Валентина Тянь, байқауға қатысушы:
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты.
Тоқсан мың екен қорасы,
Мұрындық, ноқта тимеген,
Түйешілер мінбеген
Сексен мың екен маясы.
Мұрат Жұман, облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының бөлім меңгерушісі:
- Атадан балаға мирас болып келе жатқан біздің эпостық жырларымызды саналарына құю, әрине негізгі тәрибенің көзі – біздің эпостық жырларда екені белгілі. Қазіргі телефонға телмірген балаларды кітап оқуға дәріптеу. Ұлттық санасына біздің осы тәлім-тәрбиені сіңіру.