Алматыда «Үлкен қаланың музыкасы» фильмінің тұсаукесері өтті

Қазақстан киноиндустриясы жаңа сипатта түсірілген фильмдермен толығып жатыр.

Соның бірі «Үлкен қаланың музыкасы» деп аталады. Жанры комедия. «Ересектерсіз әлем» форматында түсірілген кинода тек ғана балалар ойнайды. Картина өнерге деген сүйіспеншілік, достық, адалдық сияқты адами қасиеттерді насихаттайды.

Нұрлан қарапайым ауыл баласы. Қолынан домбырасы түспейді. Ән салғанды жақсы көреді. Арманы үлкен қалаларда өтетін өнер байқауына қатысып бағын сынап көру. Фильм жасөспірімнің өзінің мақсатына жету үшін қандай қадамға барғандығын баяндайды. Ол осы жолда шытырман оқиғаларға тап болады. Басты рольді 9-сынып оқушысы Мирас Максимов ойнаған. 

Мирас Максимов, 9-сынып оқушысы:

- Осы фильмнің барысында ол түрлі қиындықтарды өтіп, өзінің арманына жетеді. Бұл фильм жастарға сынбаңдар, өз арман-мақсаттарыңа жетуге аянбай жұмыс істеңдер деп насихаттайды. 

Картинаға барлығы 60-қа жуық бала түскен. Оның 30-ға жуығы кейіпкер болып ойнайды. Болашақта актер болғысы келетін баланың бірі-Әбілқайыр Жұмабай. 

Әбілқайыр Жұмабай, 8-сынып оқушысы:

- Фильмге түскен өте қатты ұнады. Жаңа достар таптым. Өскен кезде актер болғым келеді, бір жағынан әншілікті де ұстап жүрмін. Әнші және актер болғым келеді.

Киноның ерекшелігі сол мұнда бірде-бір ересек адам жоқ. Бүкіл рольді балалардың өздері алып шығады. 

Азамат Әбділдинов, режиссер:

- Фильм романтикалық оқиғаға толы. Мұнда өнерге деген адалдық, достық, қызғаныш, алғашқы махаббат та бар. Десе де, басты кейіпкер тек алға ұмтылады. Үлкен сахнаға шығып, байқауда жеңімпаз атанады.  Картинада біз Айдос Сағатов пен Қайрат Нұртастың өздерінің рұқсатымен бірнеше әнін пайдаландық. Балалар қысылмай өздерін үлкендерше сезініп, сәтті ойнап шықты.  

Киноға түскендердің көбі өнер мектебінде оқиды. Актерлік шеберлік курсынан дәріс алған. Сондықтан, олармен  жұмыс істеу қиын болмапты. Отбасылық комедияны 1 мамырдан бастап, үлкен экраннан көре аласыздар.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев