Жаңаөзенде мұнай-газ жабдығының зауыты салынады
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Акционерлік қоғамының қолдауымен Жаңаөзенде мұнай-газ жабдығын шығаратын зауыт салынады.
Жобаға 17 млрд теңге инвестор қаражаты жұмсалады. Кәсіпорын қолданысқа берілген соң 250 жұмыс орны құрылмақ. Алдымен Жаңаөзен тұрғындарын оқытып, үш жылда кезең-кезеңмен қабылдау жоспарланған. Жаңа өндіріс орны Маңғыстаудың әлеуетін дамытып, бюджетке түсетін салық түсімдерінің артуына оң әсер етеді деп күтіледі.
Бұл зауыт келешек жылына 51 мың тонна құбыр, 540 мың сорғы штангасы мен 100 дана мұнай жылытқыш өндірмек. Баламасыз жоба «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясының Жаңаөзенде мұнай-газ жабдықтары өндірісін қалыптастыру үшін инвесторлар тарту бағдарламасының арқасында жүзеге асады.
Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:
- «ҚазМұнайГаз» өндірісіне қажет өнімдер мен тауарлар түрін сараптай келе оларды Жаңаөзен қаласының өзінде шығару туралы бастама көтерілді. Бұл инфрақұрылымға ғана емес, өңірдің келешегі мен тұрақтылығына жасалған құнды инвестиция. Бүкіл өңірді табысқа жетелейтін дамыған өнеркәсіп орталығы ретінде көргіміз келеді.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
- Мұның барлығы шығып жатқан өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсаруына және де жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салықтық базаның кеңеюіне үлкен ықпал етеді.
Бағдарламаға сәйкес ұлттық компания Жаңаөзенде «ҚазМұнайГаз» бен оның еншілес ұйымдарына қажет жабдықтар өндірісін салуға кепілдік беретін әлеуетті инвесторларды іріктейді. Осы мақсатта тауарлар тізбесін бекітіп, сатып алу тәртібіне өзгеріс енгізген. Кәсіпорынды «Каскор-Машзавод» серіктестігі тұрғызады. Жобаға «Өзенмұнайгаз» компаниясы жетекшілік етеді.
Болат Архаров, "Каскор-Машзавод" ЖШС Бас директоры:
- Тек ғана «Өзенмұнайгазға» қажеттілік емес, «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасқа», «Ембімұнайгазға» қажетті біздің өнімдеріміз.
Президент тапсырмасы бойынша Маңғыстауда жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту бойынша мақсатты жұмыс жүріп жатыр. Соған сәйкес жаңа зауытты биыл желтоқсанда іске қосу жоспарланған.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев