Ардақ Көлбаева: Ұмыт бола бастаған тоқыма өнері өмірімді өзгертті
Алматы облысы Долан ауылының тұрғыны Ардақ Көлбаева басына түскен ауыр сынақты сабырлықпен еңсеру үшін ілмек пен жіпті серік еткен.
Осылайша бойындағы күйзелісті жеңіп, жаңа өмір бастайды. Ұлттық өнер бүгінде оның сүйікті ісіне айналған.
Ардақ Көлбаеваның қолына ілмек пен жіп ұстағанына 12 жыл болыпты. Әу баста ермек болған өнер кейіннен кәсіпке ұласқан. Ісмер келіншек 21 жасында биіктен құлап, омыртқасы зақымдалған. Жарты жыл төсек тартып жатқанда, жанына жұбаныш іздеп, тоқыма тоқуды үйренген.
Ардақ Көлбаева, Долан ауылының тұрғыны:
-Қазір бір таяқпен жүремін. Мүлдем жатып қалған кезім болған. Тұрмай орнымнан жатып қалған кезім болған. Содан бері қарай тоқымамен айналысып келе жатырмын. Мүмкін ұсақ моторика арқылы оның да бір пайдасы тиген шығар. Негізі тоқыма бүкіл жүйке талшықтарын оятады деп жатады.
Ардақ алғаш рет балаға арналған кеудеше тоқиды. Оны аурухана қызметкері сатып алыпты. Сауықтыру орталығында біліктілігін жетілдіреді. Әрмен қарай әлеуметтік желідегі бейнесабақтар арқылы шеберлігін шыңдай түседі.
Ардақ Көлбаева, Долан ауылының тұрғыны:
- Кішкентай жилеттен бастадым, балалар көйлегі, шалбарын, жемпірлерін, кез келген нәрсені, тіпті ойыншыққа дейін, жеміс-жидек барлығын тоқи беремін. Қазір бізде сұраныста аяқ киім болып жатыр. Сыртқа киетін, үйге киетін сүйретпелерді дайын табанға тоқимыз.
Өмірге деген талпыныстың, қайсарлықтың арқасында аяққа тұрған ісмер қазір бір үйдің түтінін түтетіп, екі бала тәрбиелеп отыр. Отағасы Жалғас Қойшыбаев жарының өнерін бағалап, қолдан келген көмегін көрсетіп келеді.
Жалғас Қойшыбаев, Ардақтың жұбайы:
- Мен жұмыс істеймін, бұл кісі 24/7 үйде. Мен жұмыстан келген кезде ғана шығады. Сол аралықта іші пыспасын, бір жағынан танымал болғанда жақсы ғой. Жаңағы сатқан кезде апарып, жеткізу қызметіне салып жіберемін. Поштаға апарып өткізіп келемін.
Ардақ Көлбаева қазір бас киімнен бастап, кеудеше, аяқ киім және сөмкеге дейін қиындықсыз тоқиды. Азды-көпті табысы бар. «Ең бастысы тоқу өнері күйзелісті жеңуге көп көмегін тигізді», - дейді. Қазір Ардақ әлеуметтік желіге бейнероликтер жүктеп, тоқымаға қызыққан қыз-келіншектерге тегін сабақ беріп жүр.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов