Батыстағы тарихи нысандар туристік аймаққа айналмақ

Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда табиғи және тарихи жерлерді ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне қосу мәселесін көтерді.

Мемлекет басшысы батыс аймақтағы 20-дан астам жерасты мешітінің таңғажайып мұра екенін айтты. Тарихи нысандар еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Пір Бекеттің туған жері, Атырау облысындағы Ақмешіт те көнеден сыр шертеді. Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген кешенді жергілікті билік туристік орынға айналдыруды жоспарлап отыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бекет атаның 5 мешітінің бірі, осы – Ақмешіт. Мұнда атасы – Жаналы, әкесі Мырзағұл, анасы Жәния мен баласы Тоғай жерленген. Бұл орын 1996 жылы қайта жаңғыртылды. Жалпы мұндағы ең көне құлпытастың өзі XVIII ғасырға тиесілі.

Пір Бекет көзі тірісінде осындағы жерасты мешітінде бала оқытқан. Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңартылып, осындай ақкүмбез бой көтерді. Қазір бұл жаққа апаратын жол нашар. Зиярат етушілер мен тарихи нысанды тамашалауға келетін туристер жолдың азабын тартады.

Мейрамбай Шандыұлы, Бекет ата мешітінің имамы:

- Құлсарыдан осы жерге дейін 64 км. Бергі жағы грейдер. Менің есебім бойынша 34 км грейдер. Арғы жағы Ақкиізтоғай елді мекеніне дейін 30 км асфальт бар. Бер жағы грейдер. Сол 35 км жолды салып берсе, онда халыққа да, жалпы келетін туристерге де қолайлы болар еді. Осы жердің абаттандыруына, ел-халқымыздың, келе алмай жатқан адамдарға жақсы болар еді.

Жергілікті демеушілердің көмегімен биыл қонақ үйдің құрылысы аяқталды. Жылыой аудандық әкімдігі биыл жол құрылысының басталатынын айтады. Жол мәселесі шешімін тапса, туристер саны да артпақ.

Әлібек Науаров, Жылыой аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Облыс, республиканы айтпағанда, сонау алыс-жақын шет елдерден де қызығушылық танытатын азаматтардың саны көп. Осындай тарихи-мәдени кешенге туристік аймақ ретінде қарайтын болсақ, жергілікті атқарушы орган тарапынан биыл инфрақұрылым, әсіресе асфальт жол төсеу жоспарда бар.

Ақмешітке барар жолдағы Құлшан ата жерасты мешіті де тарихтан сыр шертеді. Бұл нысан да – таңғажайып мұраның бірі. Мұнда Құлшан ата шәкірт тәрбиелеген. Өзі де осы жерде жерленген. Осындай тарихи нысандарды туристік аймаққа айналдыруға қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе – ауызсудың жоқтығы. Туристер саны көбейсе, суға деген сұраныстың артатыны да белгілі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.