Ақтауда ұлттық нақышта киім-кешек, киіз үй жабдығын тігетін ісмер қария тұрады

Болар Өтебайқызының қолынан шыққан табиғи тоқыма бұйымдарға сұраныс жоғары.

Он саусағынан өнер тамған қарт ана үлкен әулеттің тізгінін ұстап отыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Болар Өтебайқызы биыл сексеннің сеңгіріне шықты. Қария әлі де ісмерлік өнерден қол үзбеген. Жақында мынадай ақ көйлек тікті. 40-50 жастағы әйелдерге арналған көйлектің жеңі, етегі түрлі-түсті жіппен көмкерілген. Әжейдің айтуынша, ол адамды тіл-көзден сақтайды.  

Болар әжей Түрікменстанда туған. Өткен ғасырдың сексен жетінші жылы жақындарымен бірге атамекенге қоныс аударды. Анасы тігіншілік өнерге бала кезінен баулыған. Қазір бөлмесі шағын шеберханаға айналды. Ұлттық өнерді келін-немерелеріне үйретуден жалыққан емес. Ою-өрнекпен көмкерілген тоқыма бұйымдарға өзге өңірлерден тапсырыс алады.

Болар Өтебайқызы, ісмер:

- Сол өнерімді енді бес келінім де біледі десем болады. Менің істегендерім олардың үйінде де бар. Қолымдағы келініме өзім бәрін үйретіп жатырмын. Немере қызым да солай. Бұл екеуі де жас қой енді, менен де өткізіп шебер болады деп ойлаймын. Менің тәрбиемді, үлгімді алады деп ойлаймын. Тікпейтін затым жоқ, тігін таңдамаймын. 

Ісмер әжей сегіз құрсақ көтеріп, бес ұл мен үш қызды тәрбиелеп өсірді. Перзентінің ең үлкені мен ең кішісі өзімен бірге тұрады. Енесінің жолын қуған келіндері түйе мен қой жүнінен сырып ішік, жадағай тоқуға төселіп алған. Одан бөлек қыз жасауы мен жас жұбайлар шымылдығына сұраныс жоғары. 

Несіпхан Бағлашова, келіні:

- Мен осы үлкен әулеттің ең кенже келінімін. Енем ақ кимешекпен күлімдеп қарсы алып, мен ең кіші келін ғып еркелетіп, тәрбиелеп бастады. Төрт жылдың ішінде енем бәрін үйретті. Қазақы дәстүрлікті. Оюын ойып берем, енем зигзактап тігеді. Сосын өзім тігіп бастадым. 13 жасынан бастап қызыма тігін үйретіп бастадым. Қызым сол өнерге қызығып, қазір дизайнер мамандығына түсті қазір. 

Өнегелі шаңырақтан қонақ үзілмейді. Болар әжей халық емшісі, сынықшы ретінде де танымал. Басы ауырып, балтыры сыздағандар келіп, дертіне шипа табады. Қала берді, төрт түлік ауруларын дөп басып айтатын қасиетіне халық риза. Қазыналы қарияның ақ батасын алу үшін алыстан арнайы келетін адам қарасы қалың. 

Дыбыстық қыстырма. Әжей қазақ еліне ақ батасын береді.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев