Қызылордада халықаралық суретшілер симпозиумы басталды
«Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атты көрмеге отандық және көршілес мемлекеттерден барлығы 23 суретші жиналды, деп хабарлайды 24KZ.
Қылқалам шеберлері Сыр өңірінің көрнекті жерлерін аралап, шежіре тұнған аймақтың тарихи-рухани нысандарын қағаз бетіне түсіреді. Апталық аясында тәжірибе мен пікір алмасу жиыны да өтеді. Бейнелеу өнерінің өкілдері кескіндеменің заманауи бағытын дәстүрлі көзқараспен ұштастыру техникасын ортаға салады. Симпозиум қатысушылары 5 күндік шараның қорытындысы бойынша көрме өткізеді.
Өмірбек Жұбаниязов, ҚР Суретшілер одағының төрағасы:
- Сыр жерінің ерекшелігін көрсету, біздің өнерімізді, дінімізді, тілімізді, тарихымызды бейнелеу өнері арқылы әлемге паш ететіндей мүмкіндікті пайдалану керек. Кәсіпқой суретшілер ретінде күндіз бірге жұмыс істеп, кешке сол жұмыстарды талқылап, жаңалық ашқандай ойымызбен бөлісу – осы симпозиумның негізгі мақсаты.