Ноқтаға басы сыймаған ұлт жайлы көрмеге сыймаған картина
Тарихты майлы бояумен жазып жүр. Астаналық суретші Ғазиз Жұмабеков қазақтың ауыр тарихын бейнелеген үлкенді-кішілі талай картина салды.
Солардың ішінде "Гималайдың асуы" өзі үшін бір төбе. Бұл картина көрме залына сыймаған. Панорамалық үлгіде салынған суретке анау-мынау бөлме тарлық етеді. Суретші бұл туындысына 10 жылын арнапты.
Бұл өнер туындысының ұзындығы 6, биіктігі бір жарым метр. Суретші Ғазиз Жұмабеков 1990 жылдан бастап 10 жыл үзбей салған. «Гималай асуы» атанған бұл сурет 1949 жылғы қазақ халқының қаралы көшін бейнелейді.
Ғазиз Жұмабеков, суретші:
- Бұл картинадағы уақиға 1949 жылдан басталған. Отан соғысы болып жатқан кезде де қаралы көш тоқтамаған. Қытай және Совет үкіметінің озбырлығына шыдамаған халық көтерілістен соң жеңіліс тапқандары осы Гималай арқылы Индияға барған. Бұл картинаның желісін мен Халифа Алтай атамыздың естеліктерінен, кітаптарынан алдым.
Қайтыс болған жанды жерлейтін жер таппай, арқалап жүрген адам. Бос бесік тербеткен ана. Бос қалған шаңырақ. Картинада Үндістан, Пәкістан асқан көш бейнеленген. Суретші тарихи сурет салу оңай емес, әр бояуда бір мағына болуы керек дейді. Бірақ бұл панорамалық сурет көрмеге сыймай, көзден таса қалып келеді.
Ғазиз Жұмабеков, суретші:
- Көрмеге Қарағанды қаласына барамыз. Ол сурет көрмесіне 20 шақты суретші қатысады. Менің картинамның өлшемі үлкен болғандықтан, қазір, өздеріңіз білесіздер, галереяның көп бөлімдері арендаға берілді де, кішігірім залдар қалды. Сондықтан да мені ол көрмелерге қатыстыра қоймайды. Себебі менің картинам ілінген қабырғаға 10 шақты адамның картинасы ілінуі мүмкін.
Мұндай майлы бояумен салынған суреттердің күтімі жақсы болса, бірнеше ғасыр жасайды. Қазір алып картина уақытша Астана қаласындағы Ұлттық Бизнес және Инжиниринг мектебінде ілулі тұр. Оқушыларға бір сурет арқылы бүтін тарихты көрсетуге болады дейді сурет жайында мұғалім Сәуле Ақанбаева.
Сәуле Ақанбаева, тарих пәні мұғалімі:
- Кітаптан оқып, видео қарағанға қарағанда осы картинаға қарап, көбін осы жерден аламыз. Біз оны тәсіл ретінде сабақтарда қолданамыз. Балаларға көрсеткенде өздері эссе жазады. Тарих сабағында ашаршылық кезін айтқанда, панораманы көрсетіп айтамыз.
«Әмір Темірдің қарғысы», «Отырардың күйреуі», «Ақтау бекінісі», «Қайыр хан». Мұның бәрі Ғазиз Жұмабековтың тарихты сөйлеткен туындылары. Суретші майлы бояумен картина салудан бөлек, саз аспаптарын да жасайды. Мақсат – ұлттың тарихы мен құндылықтарын ұлықтау, ұрпаққа жеткізу дейді өзі.
Зарина Кәп, Ырыстанбек Оспанов, 24.KZ