«Астана опера» театры. Сахна сыртында кімдер жүр?

Бүгін, яғни 21 мамыр – мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Жалпы елімізде өнердің өрісін кеңейтіп жүрген ұжымдар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – «Астанадағы опера» театры.

Құрылғанына 10 жылдан асқан мекемеде 800-дей адам қызмет атқарады. Алайда өнер шаңырағына келген көрермен әртістерді түстеп танығанмен, кадр сыртында қалатын мамандардың еңбегін ескере бермейді.

Жансыз затқа жан бітіру – Олжас Бекеновтің міндеті. Ол үш жылдан бері театрда декоратор болып жұмыс істейді. Темірді иіп, ағашты жонып түрлі экспонаттар жасайды. Кейін бұл мүсіндер сахналық қойылым кезінде қолданылады. Салмағы тоннаға жуық, ал биіктігі 8 метр болатын кейбірін тіпті алып жүру де оңай емес. Ал мұндай алып мүсіндерді жасауға кейде 4 ай уақыт кетеді.

Олжас Бекенов, "Астана опера" театрының аға суретші-реставраторы:

- Бұл сырғаның бір бөлігі, мұны істеу үшін мүсінін жасау керек. Көбіне пенопласт, пластелиннен жасалады. Бұл сырға «Қыз Жібек» спекталінде қолданылады. Жалпы декорацияны істер алдында көбірек уақыт бұрын бастау керек. Өйткені алдымен сценографистер сызбаларын жасайды. Мысалы схема бойынша өте әдемі болуы мүмкін, бірақ жасаған кезде ньюанстар болады.

Қазір шеберханада 10-ға жуық маман қызмет атқарады. Бірі сахна реквизитінің сызбасын салса, енді бірі оны металдан ойып, кескінін келістіреді. Иә. Жұмыла жүріп атқаратын жұмыс. Бастысы – көрерменді сендіру.

Спектакльдің сәтті шығуы әртістердің шеберлігіне ғана емес, сахнаға киетін киімдердің көркемдігіне де байланысты. Астана Опера театрында 10621 костюм бар. Оларды 21 тігінші тіккен. Тігілген костюмдерді күтіп сұтау да зор жауапкершілік. Оны да арнайы мамандар атқарады.

Айсұлу Әмірханова, "Астана опера" театрының костюмерлік цех меңгерушісі:

- Сахнаның екі жағынан біз жедел жәрдем ретінде әртістердің жақсы орындап шыққанын, резинкасы, түймелері түсіп қалмауын уайымдап, аяғымыздан тік тұрып, 3 сағат бойы қарап тұрамыз. Болғаннан кейін тер-тер қылып қоя салмаймыз. Бізде, мысалы, машинкаға сала салатын жейделер бар. Ал қолмен жуатынды қыздар өздері жуады.

Опера әншісі Артур Ғабдиев бала кезден әнге әуес. Өнерлі отбасында өскен ол ер жете өмірін осы салаға арнайды. Міне, екі жылдан бері еліміздегі іргелі театрда жұмыс істейді. Тенер дауысты әнші Пучини, Чайковский, Россини туындыларында басты партияларды шырқады. Қазір Джузеппе Вердидің Травиатасына дайындық үстінде. Уақыт тығыз, ал жауапкершілік зор. Бір аптада 300 бетті жаттауға тура келді дейді.

Артур Ғабдиев, "Астана опера" театрының солисі:

- Мен басты рөлдегі Альфредтің партиясын ойнаймын. Жас жігіт. Виолеттаға ғашық болады. 300 бетті бір аптада жаттап аласың ғой. Сосын 2 апта оны пісіресің.

- Дауысты қалай шынықтырасыздар? Жұмырта ішу деген жоқ па?

- Жоқ, жоқ ол – миф деп ойлаймын. Менің даусым 3 сағатта оянады. Әртүрлі. Жедел жағдайлар болып қалады. Тез жаттау керек болады. Ондай кезде түнімен отырасың, жаттайсың.

Талантты әртіске талапқа сай сахна керек. Ал Астана Опера теарты сәулетімен ғана емес, материалдық базасымен де мақтана алады. Зал ішіне 1200 көрермен еркін сияды. Қазір мәдениет ошағы маусымның 31-інде ашылатын Опералия фестиваліне қамданып жатыр. Оған өзіміздің ғана емес, алыс-жақын шет елдерден опера майталмандары арнайы қатысады. Өнер мерекесі шілденің ортасына дейін жалғасады. Осы аралықта патшакөңіл көрермен опера жауһарларын еліміздің ең ірі сахнасынан тамашалай алады.

Еренбақ Тойкенов, "Астана опера" театрының режиссері:

- Біздің театрымыздағы ең мықтысы, былайша айтқанда паспорты деуге болатыны – "Абай" операсы. Сол "Абай" операсы арқылы біз әлемдік театрларды аралап, гастрольдік сапарда болдық. "Абай" операсы үшін біздің театр мемлекеттік сыйлықты алды. Келесі маусымда біз Сыдық Мұхамеджановтың "Айсұлу" операсын жоспарлап отырмыз. Басқа театрларда жоқ нәрсе – сахнаның ауыспалылығы. Акустика. Бұл жерде сөз жоқ, мамандар үлкен жұмыс істеген, сахнаның қай бұрышында тұрып та айтса жеткізуге болады.

22 опера, 25 балет. Осыншама туынды "Астана Опера" сахнасында тұрақты түрде қойылып келеді. Жыл өткен сайын театр қоржыны толығып, түрлене түсуде. Бастысы – жас ұрпақты бекзада өнерге баули алсақ игі, дейді әртістер. Ол үшін өнер ошағы жанынан арнайы балалар театры ашылады.

Назерке Тоқжан, Руслан Әлиев, 24.KZ