Қазақ музыкасына жаңаша үн қосқан квинтет
Бүгін 21 мамыр - мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері күні.
Төл қазынамызды түрлі бағытта дәріптеп жүргендердің қатарында "Бастау" ұжымы да бар. Бұл топ – қазақ музыка тарихындағы тұңғыш классикалық гитаристер квинтеті. Құрылғанына 4 ай болған бестіктің мәдени майдандағы миссиясы да бөлек.
Ыстық сезімге толы испан фламенкосы мен делебеңді қоздырып, өн бойыңды шымырлататын Құрманғазының «Адайы», Шәмшінің сағынышқа толы сазы мен Нұрғисаның құс қанатындағы күйі – мұның барлығы енді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында дүниеге келген «Бастау» квинтетінің репертуарында.
Классикалық гитаристердің басы біріккен өнер ұжымы талғамы жоғары қазақ көрерменін 50 саусақ, 30 ішектің құдыретіне тәнті етпек. Құрылғанына 4 ай ғана болған топта аға буынмен қатар жастар да өнер көрсетеді.
Зәуре Нарбота, квинтет мүшесі:
- Өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Шын мәнінде осындай киелі шаңырақта – алғашқы жоба ғой бұл. Сосын ағайдан сұраймын ғой ертең тарихта жазылған кезде бірінші қыз бала деп менің атым жазыла ма деп. Сонда ағай иә деген кезде, мен ойлаймын, әрбір қыз бала үшін бұл үлкен мүмкіндік.
Алғашқы концерттерін беріп үлгерген квинтет гитараға лайықталған қазақ шығармаларының тыңдаушысы мол боларына сенімді. Алайда екі ішекке негізделген дала сарынын алты ішекті аспапқа келтіру де оңай емес. Топтың жетекшісі Бауыржан Жылқыбай "күйдің күмбірін гитараның ырғағымен өрнектеп әкету үшін асқан шеберлік қажет",-дейді .
Бауыржан Жылқыбай, квинтет жетекшісі:
- Әр күйді өңдеу үшін бірінші домбыра партиясын, нотасын алып, болмаса достарым бар, домбырашылар солар үйретеді. Толығымен жаттап аламын. Одан кейін ақырын-ақырын гитараға түсіреміз. Оған бір ай кетуі мүмкін. Болмаса бір апта, екі апта кетуі мүмкін. Мысалға, «Адайды» түсіретін кезде мен мүмкін емес деп ойладым. Бірақ ақырын-ақырын ойланып, қадам-қадаммен жасайтын болса, түсіруге болады екен. Кез келген күйді түсіруге болады.
Зәуре Нарбота, квинтет мүшесі:
- Қазақстаннан тыс жерге шыққан кезде осындай қазақи шығармалармен пропаганда жасап, қазақтың музыкасын ары қарай дамытып, мәдениетін дәріптеу мақсатында, қазақ шығармаларын өте көп қосамыз.
Қазақтың музыкалық қазынасын әлемге паш етуді көздеген өнерпаздардың ізін жалғаушылар да көбейіп келеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде жариялаған видеоларды көріп, үйренігісі келетіндер қатары артты дейді топ жетекшісі.
Бауыржан Жылқыбай, квинтет жетекшісі:
- Біздің ойнаған нәрселеріміз TikTok-қа, Instagram-ға шығып жатыр. Сонда жастар қызығады. Жастар гитара ойнауға көп қызығушылық танытып жатыр. Маған да көп хабарласады. Күйлерді ойнағанмын ғой. Сол күйлерге қатысты көп хабарласады үйретесіз бе деп. Соның өзі қызығушылық бар деген сөз.
Еліміздің музыка тарихында мемлекеттік деңгейде құрылған классикалық гитаристер квинтеті бұрын-соңды болмаған. Ал ұлтымызбен қатар жасап келе жатқан ән-күйімізді әлем сахналарында орындауды мақсат еткен "Бастау" ұжымының бастамасы көңілге үміт ұялатады.
Ердана Ержанұлы, Қарлығаш Қайыпбекова, 24.KZ, Алматы