Жетісу облысында «Ең үздік мәдениет мекемесі» анықталды

Байқау жеңімпазы атанған ұжымға су жаңа көлік тарту етілді, деп хабарлайды 24KZ.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған жиында сала қызметкерлері марапатталып, сый-құрметке бөленді.

Дәнеш Рақышев атындағы филармония өңірдегі «Ең үздік мәдениет мекемесі» атанды. Былтыр ғана құрылған өнер ордасында 200-ден аса адам еңбек етеді. Шығармашылық ұжымның байқауда жеңіске жетуіне қол жеткізген жетіктіктері негіз болған.

Самат Жексембаев, Д.Рақышев атындағы филармония директоры:

- Біздің ұжым Түркияда өткен фестивальден бірінші орын алып келді. Талдықорғанда өткен этнографиялық ансамбльдің байқауында бірінші орын алды, «Жетіқазына» байқауынан екінші орын алып келдік. «Жас қанат», «Азия дауысы» сынды байқаулардан Алмагүл Батталиева екінші орын алды. Осы байқаулардың нәтижесінде алған үлкен қуанышымыз.

Салтанатты жиында саланың дамуына үлес қосқан 100 шақты мәдениет қызметкері марапатталды. Оларға «Еңбек» ардагері, «Мәдениет саласының үздігі», халықаралық «Түрксой» ұйымының төсбелгісі, Мәдениет және ақпарат министрі мен облыс әкімінің «Құрмет» грамоталары табыс етілді. Өнерпаздардың атсалысуымен өңірде ұлт перзенттерінің мерейтойы да аталып өтіп жатыр.

Қуаныш Сұлтанұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Мұхаметжан Тынышбаев атамыздың 145 жылдығы, Пішән Жәлмендеұлының 140 жылдық мерейтойы, Ілияс Жансүгіров бабамыздың 130 жылдық мерейтойы, күзде біз Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойын атқарғалы отырмыз. Ол жерде Талдықорған қаласында көркемсурет галереясының алдында ескерткіші қойылады, Талдықорған қаласының орталығында Тәуелсіздік алуымызға негіз болған Желтоқсаншыларға арналған ескерткіш орнатылады.

Ескерткішпен қатар өңірдегі ауылдарда 12 блокты модульды клуб салынады. Сонымен қатар 17 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне беріледі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов