Париждіктер қазақтың ұлттық би өнеріне тәнті болды
Парижде өнерсүйер қауым қазақтың ұлттық биімен танысты, деп хабарлайды 24KZ.
«Қорқыт» қазақ мәдени орталығында халық биін орындаушы Әнел Марабаева шеберлік сағатын өткізіп, қазақ диаспорасы өкілдері мен халқымыздың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан париждіктерге ұлттық биімізді паш етті.
Шара Жиенқұлованың шәкірті әр шығарманың құпияларымен бөлісіп қана қоймай, ондағы қимылдың мән-мағынасына ерекше тоқталды. Қатысушылар Ұлы даланың ұлттық өнеріне ерекше тәнті болды.
Әнел Марабаева, биші:
- Халқымыздың ежелгі мәдениетімен, ұлттық биімізбен таныстыру, ондағы сұлулықты бейнелейтін қозғалыстарды, мазмұнды иірімдерді көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. Мен ұлтымыздың осындай керемет мәдениетін мақтан тұтамын және оны әлемге танытып жүргеніме өте қуаныштымын.
Кароль Фишлер, шеберлік сағатына қатысушы:
- Мен бұл шеберлік сағатынан көп нәрсе түйдім. Әр қимылдың астарында күнді, суды, Табиғат-Ананы бейнелейтін қимыл-қозғалыстарды байқадым. Ал бишінің киімінен табиғатты суреттейтін ою-өрнектерді көрдім. Бүгінгі іс-шарадан көп мағлұмат алдым. Бұл мен үшін өте маңызды. Өйткені өзім де халқымның мәдениетін көпшілікке танытып жүрмін.
Айсара Аманов, шеберлік сағатына қатысушы:
- Өте керемет, өте үлкен әсер алдым. Өзімнің жерлестерімді көріп қуандым. Осындай кештерге көбірек баруға тырысамын. Өзімнің туған жерімді ұмытпай, туған жерлестеріммен кездесіп тұру әрқашан мен үшін қуанышты.