Естай Қорланға қанша ән арнаған?
Ертедегі қазақ туған күн тойламаған деседі. Дегенмен ұрпағының қай жылы, қай күні дүниеге келгенін ұмытпаған.
Оның бір мысалы, мамырда дүниеге келсе, Құралай деп атаған. Сол секілді кей деректер: «бүгін – Естай Беркімбайұлының туған күні», – дейді. Бірақ нақты дерек жоқ. Өйткені алмағайып замандар өтіп, қазақтың басына түскен қиыншылықтардан хатқа түспеген дүниеге көп.
Дегенмен асылымызды ардақтаған ел едік деп, әйгілі әнші-композитор Естай Беркімбайұлына бірауыз сөз арнадық. Естайға әлемде жоқ ән салдырған Қорлығайын жайында да аз-кем айтамыз. Естай ақын Қорланға 4 ән арнаған деседі.
Естай Беркімбайұлы 1874 жылы Екібастұз ауданына қарасты Ақкөл ауылында дүниеге келген. Әншілік-ақындық өнер анасы Күлипадан дарыпты. Дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев – сол Естай дүниеге келген Ақкөл ауылының тумасы. Өнер иесі Естайдың мәнері бөлек әнші болғанын айтады.
Ербол Айтбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Қазақтың енді Біржан салы мен Ақан серісі қазақ әнін аспанға көтерген тұлғалар ғой, сол кісінің екеуінен де, екі қайнардан да сусындап ішкен, тоя қанып ішкен композитор болғандықтан, ол кісінің әнге ондай жаңалық әкелуі бұл заңдылық сияқты. Одан бөлек, жалпы Естайдың шығармашылығында «Қорланға үш ән, төрт ән арнады» деп жатады. «Бір мысқал» деген әні бар, ол да Қорланға арналған.
Павлодардың Бұхар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Естай Беркімбайұлының шығармашылығына арналған көрме өтіп жатыр. Көрермен назарына әнші-сазгердің өмірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылған.
Мейрамғали Есмұханов, Бұхар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы:
- Естай туралы біздің қорымыздағы құнды жәдігерлеріміз. Бұл – кезінде Естайдың өзі кездесіп, өз аузынан естіп нотаға түсірген бұл Борис Гиршевич Ерзаковичтің жазып алған ноталары. Бұл ноталарды, жаңа айта кеткендей, осы өзімізде қызмет істеген Айтжан Бәделхан ағамыз, ол кісі жинақтап, ол кісімен хат алысып, ақыры ол кісінің жазған қолжазбаларымен осы ноталарды берген болатын.
Музей қорында Естайдың «Дүние», «Назқоңыр», «Құсни Қорлан» әндерінің түпнұсқа ноталары сақталған. Естайдың әндері ерекше сазымен дараланады. Қазақ музыкасының інжу-маржанына айналған шоқтығы биік туындылардың бірегейі, әлбетте, Естайдың Қорланы болып қала береді. Былтыр халық ақыны, сазгер, әнші Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойы кеңінен тойланды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.