Бурабайда «IQanat OFF-Line» телехикаясы түсіріліп жатыр
Сериал ауыл баласының республикалық олимпиадада жеңіске жетіп, өмірі 180 градусқа өзгерген Айбол жайлы болмақ.
Шығармашылық топ көркем туынды арқылы елдегі өзекті мәселелерді қозғайды.
«IQanat – OFF-Line» телехикаясы 16 бөлімнен тұрады. Негізгі эпизодтары түсіріліп біткен. Онда ауыл баласының білім қуалап, елдегі ең үздік мектептердің біріне түскендігі көрсетіледі.
Аруана Серікбаева, атқарушы продюсер:
- Оқиға былай басталады Әбу деген жігіт ауылдан келіп, Iqanat мектебіне түседі. Сосын ойланады болашақта қандай мамандық таңдаймын деп. Ол 16 серияның әр сериясында ойланып, мамандық таңдайды. Мобилограф, бизнесмен, психолог боламын дейді. Әрі қарай бүкіл мамандықты көреді. Ең соңында қандай мамандық таңдайтынын өздеріңіз телеарнадан көресіздер.
Телехикаяның бас продюсері Ернар Құрмашев. Ал режиссерлік міндет халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Ерлан Нұрмұхамбетовке жүктелген. Жоба авторлары басты кейіпкерді табу қиын болғанын айтады. Кастингке 150-ге жуық адам қатысып, тек соңғы күндері қатысушылар арасынан Саят Атабайды таңдаған.
Саят Атабай, актер:
- Түсірілімнің басталғанына 1 айдай уақыт болды. 1 ай 2-3 күн. Түсірілім барысы, жалпы процес қызықты өтіп жатыр. Ролім Айбол деген бала. 15-16 жасар 10 сыныптың оқушысы.
Көркем туындыда ауыл балаларын дер кезінде қолдау, бойына сенім ұялатып, қиялына қанат бітіру секілді өзекті мәселелер көтеріледі. Себебі ауылдық жерлерде әлеуеті жоғары оқушылар жетерлік бірақ көп жағдайда тасада қалып қояды дейді жоба авторлары. Сол үшін шығармашылық ұжым бүгінде осы олқылықтардың орнын толтырып жүрген IQanat мектеп бағдарламасын сериалға арқау еткен. Телехикая қалың көрерменге қыркүйек айында жол тартады.
Мерей Қанапия, Арман Ақшабаев