Алматыда «Аққұс туралы аңыз» пьесасы сахналанды
Алматыдағы Оқушылар сарайының «Жас талант» театры ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің «Аққұс туралы аңыз» пьесасын сахналады.
Қойылым халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған. Жас өнерпаздар көптен бері театр сахнасынан көрінбей кеткен туындыны жаңа қырынан көрсете білді.
«Аққұс туралы аңыз» пьесанындағы басты кейіпкердің есімі Меңсұлу. Ата-анасынан ерте айырылған жетім қыз бен екі бауыры арасындағы оқиға суреттеледі. Меңсұлудың ағалары ата-анасының зиратына тал екпек болады. Оған басты кейіпкер «Зиратты жаңғыртуға болмайды» деген халық даналығымен қарсылық білдіреді. Бауырлар арасындағы дауды мыстан кемпір одан сайын өршітеді.
Қарақат Бекмұхамет, оқушы:
- Ол рольдің өзіме ұқсастығы көп болған сияқты болды. Кейбір қасиеттерін мен өзімнің мінезімнен алғанмын. Осы образды ойлап шығару үшін, осы образға кіру үшін мен өзімнің кейбір қасиеттерімді осы Меңсұлуға алып келген болатынмын. Бұл образ маған өте қатты ұнады. Өйткені мен өзімді шынымен де бір кішкентай, еркін қыз ретінде көре алдым.
Лирикалық, психологиялық сарынымен ерекшеленетін пьесаны сахналауға екі ай кеткен. Оқушылар сарайындағы үйірмеге қатысатын балалар тыңғылықты дайындалыпты.
Әсия Мәлімова, режиссёр:
- «Аққұс туралы аңыз» спектаклінде жан-жақтағы мектептерден жиналған балалар. 17 бала ойнайды және әрқайсысы өздерінің рөлдеріне сондай жауапкершілікпен қарады. Мыстан кемпірдің өзіне өздерінің қызығушылықтары туып, сондай қызығып ойнады.
Автордың айтуынша, ақ пен қараның айқасы адам өмірінің айнасы іспетті. Өйткені, адамдар арасындағы дау-дамай, сындарлы сәтте дұрыс шешім қабылдай білу, шалыс басудан сақтану ешқашан маңыздылығын жоғалтпақ емес. Осы ойды оқушылар көрсете алды, дейді драматург.
Нұрлан Оразалин, ақын, драматург:
- Аққұсты, қарақұсты бүкіл шеңгелімен жасау үшін үш баланы астында екі бала, үстінде бір баланы иығына мінгізіп қойып қимылдап жатыр. Әдемі шыққан өзі. Театрдың ішінде әртүрлі жарықпен, сәулемен, нұрмен беретін, қимылмен беретін нәрсенің бәрін шығарған, балаларға соны сіңіре білген.
«Аққұс туралы аңыз» пьесасы 45 жыл бұрын жазылған. Әу баста ересектерге арналған шығарманы режиссерлер балаларға лайықты ертегі форматына келтірген. Қойылымның мақсаты балдырғандарға ұлттық дәстүрді, бабалар даналығын көрсету.
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев