Отандық фильм Лондонда Еуразиялық фильмдер фестивалінде лауреат атанды

Қазақстандық көркем туынды Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде лауреат атанды, деп хабарлайды 24kz.

Режиссер Камила Сағынтқанның шығармасы «Ең үздік қысқаметражды фильм» аталымы бойынша үздік шықты.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Камила Сағынтқанның «Тәуелсіздік күні құтты болсын» фильмі сүйген жары бақилық болып, өмірдің мәнін жоғалтқан орта жастағы ер кісі туралы. Мараттың жаңа қоғамға көңілі толмайды, бірақ түрлі кедергілерге қарамастан тығырықтан шығудың жолын іздейді. Отандық өнім сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

Тимур Ахмеджанов, Қазылар алқасының мүшесі:

- Фильмнің көркемдік шешімі әрі қызықты мазмұны, қысқа уақыттың ішіне біраз маңызды дүниені сыйғыза алғаны ұнады. Эксперименттік элементтері де көңілден шықты. Байқауға қатысушы басқа бәсекелестеріне қарағанда оқ бойы озық болды.

Еуразиялық шығармашылық гильдиясы коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырған кинофестиваль биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Оған қатысуға 100-ге жуық үміткер ниет білдірген. Ішінен 20-сы іріктеліп алынып, бәйгеге түсті.

Джон Фарндон, сарапшы:

- Орталықазиялық киногерлердің сенімділігінің нығая түскені сезіледі. Олар шығармашылықтарын шыңдап, батыс көрерменіне бір қадам жақын бола түсті. Өмірімізге басқа қырынан қарауға мүмкіндік бергені қуантады.

Кинофестиваль жыл сайын жүздеген талантты режиссер, актер, продюсер және сценаристердің басын қосады. Шараны өткізудегі мақсат – еуразиялық киноны ағылшын тілді кеңістікте насихаттау. Орталық Азия және посткеңестік киноиндустрия өкілдерін дүниежүзінен жиналған кәсіпқойлармен таныстыру.

Спенсер Хоукен, фестиваль ұйымдастырушысы:

- Ұлыбритания халқы бұл фильмдерді ешқашан көрмес еді. Өйткені бізде Орталық Азия өнер туындылары үшін нарық қалыптаспаған. Біз бұл олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Шығармашылық адамдарын әлемнің түкпір-түкпірінен жинай алғанымызға ризамыз.

Марапаттау салтанатының сыйлы қонақтары қатарында Лондондағы Хаверинг ауданының мэрі, ТМД мемлекеттері елшіліктерінің өкілдері болды. Фестиваль ұйымдастырушылары өнерсүйер қауымды жуырда Бурабайда өтетін қысқаметражды киноның үшінші халықаралық байқауына шақырды.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Ұлыбритания