Жезқазғанда жас суретші Жансұлу Хамиттің көрмесі ашылды
Түрлі сурет пен қолөнер бұйымдарының авторы небәрі 7 жаста.
Шығармашылыққа бейім бүлдіршін болашақта кәсіби суретші болуды армандайды.
Жансұлудың өнерге деген қызығушылығы 5 жасынан байқалған. Қалам ұстап үйренгелі сурет салуды әдетке айналдырды. Кейін табиғи материалдардан мүсіндеуді игерді.
Жазира Жақыпова, анасы:
- Суретші болам, дейді. Ол «мама, қарашы» деп садикке бара жатқанда шыбық анаған ұқсайды ғой, ана аңға ұқсайды, бұлтты қарашы, динозаврға ұқсайды, қоянға деп. Өзі солай. Қарап тұрсаң, шынымен солай. Сосын садиктен келе жатқанда да, далада ойнап жүргенде де талдың шыбықтарын, тас, бәрін алып келеді үйге. Не істейсің десем, у меня свои фантазии дейді.
Жансұлу былтырдан бері қалалық балалар өнер мектебіне барып жүр. Мұғалімі оның бойындағы шығармашылық қабілеттерін бірден байқаған. Сөйтіп, кәсіби суретші болудың қыр-сырына үйреткен.
Гүлмира Ақылбекова, балалар өнер мектебінің педагогы:
- Өте дарынды бала. Сурет салғанды өте жақсы көреді. Түстермен жұмыс жасағанды жақсы көреді. Ойлау қабілеті өте жоғары. Болашақты өте жақсы суретші шығады деген ойдамын.
Қазір өңірде балаларды жан-жақты дамытатын 200 үйірме жұмыс істейді. 32 мың оқушы мектеп жанынан ашылған секцияларға барады. Ал қосымша білім беру мекемелерінде 11 мың бала бар. Шалғай елді мекендегі оқушылар да назардан тыс қалмайды.
Қарлығаш Мүшенова, білім басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2025-2026 жылдары Жезқазған қаласында, Қаражал, Сәтпаев қалаларында оқушылар сарайы, жас техниктер сарайы немесе қосымша білім беру нысандары салынады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда жер телімдері анықталуда. 2024 жылы 1 қыркүйегінде Сәтпаев оқушылар сарайының құрылысы аяқталады. Одан бөлек Қаражал қаласында Оқушылар үйін ашуды жоспарлаудамыз.
Жазғы демалысты тиімді өткізу үшін балалар мектеп жанындағы лагерде демалады. Ол жерлерде 80 үйірме болады. Этнолагерьде де оқушылар атқа мінуді, ұлттық ойындарды үйреніп, тарихи орындарды тамашалай алады.
Асланбек Шығыр, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешов