Бельгиядағы байқауда қазақстандық скрипкашы финалға шықты
Бельгияда өткен халықаралық музыкалық байқауда танымал қазақстандық жас скрипкашы Руслан Талас финалға шықты, деп хабарлайды 24kz.
Ол Брюссельдегі Елизавета патшайым атындағы академиялық музыканттар байқауының қорытынды кешінде өнер көрсетті. Жерлесіміз Моцарттың «4-ші концерті» шығармасын орындап, жұртты тәнті етті. Додада украиналық Дмитро Удовиченко топ жарды. Жалпы сайысқа 63 скрипкашы қатысып, финалға 12 өнерпаз ғана өтті.
Айта кетейік, Руслан Талас бүгінде жоғары Лозанна музыка академиясында білім алуда. Отандасымыз алдағы уақытта Еуропа сахналарында жеке концерт беруге ниетті.
Руслан Талас, байқауға қатысушы:
- Байқаудан алған әсерім ерекше. Бельгия патшайымы Матильданың алдында өнер көрсету мен үшін үлкен құрмет. Бұл байқауға қатысуды бала кезімнен армандағам. Қазылар алқасының менің финалда өнер көрсетуімді лайық деп шешкеніне өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе.