Америкада қазақ әндері шырқалды
АҚШ астанасы Вашингтонда дәстүрлі Азия фиеста фестивалі өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Ауқымды іс-шара аясында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапон елдерімен қатар қазақы құндылықтар да көпшілік назарына ұсынылды. 5 түрлі сахна орнатылып, соның бірінде қазақ әндері шырқалды.
Халқымыздың қазыналы мұралары мұхит асып, жаһан жұртының жүрегіне жол тауып отыр. 8 жылдан бері АҚШ астанасында тұрып келе жатқан Анар Өмірзақ қазақ әндерін тыңдап қана қоймай, жергілікті халыққа нақышына келтіріп, насихаттап жүр. Ұлттық әндерімізді ағылшын тіліне аударып немесе танымал ағылшын музыкасына қазақша мәтін жазып және оны өзі тыңдарманның талғамына сай жаңаша шырқап жүр. «Пандемия кезінде елге баруға мүмкіндік болмаған соң, сағынышымды басу үшін осы іспен айналыса бастадым», – дейді кәсіпкер. Бір жағынан тіл үйренгісі келетін америкалықтарға да көмектескісі келіпті.
Анар Өмірзақ, жеке кәсіпкер:
- Олар үйренген әндерге қазақша сөзді қосқанда олар оны тезірек үйренеді деген оймен жасай бастадым. 3 оригиналдық ән шығардым және 4 ағылшын әнін қазақ тіліне аудардым. Олар YouTube-та бар және Spotify деген америкалық сервисте шыққан. Қазақ тілінен аударылған бір ән бар, ол – Димаштың «Қайран елім» деген әні.
Жәрмеңкеде қазақша ән естіп, ұлттық киімді көрген көрермендер қазақ қызымен бірге суретке түсіп, Қазақстан туралы сұрастырып жатты. Кәсіпкерлік пен музыканы қатар алып жүрген Анар Өмірзақ алдағы уақытта да ұлттық өнерден қол үзбейтінін айтады. Ал келесі жылы фестиваль-жәрмеңкеде ұлттық бұйымдар мен тағам түрлерін ұсыну ойы бар.
Авторы: Айжан Сыдықова.