Павлодарда ретрокөліктер көрмесі өтті
Павлодарлық студенттер кеңестік автоөнеркәсіптің бірегей үлгілерін жинақтады.
Ашық аспан астында өтіп жатқан көрмеге көне көліктер мен авто-мото-техника түрлері қойылған. Солардың бірі зауыттан 1998 жылы шыққан «Ока» автокөлігін студенттер электрокарға айналдырған.
Машина жасау факультетінің студенттері ретро көліктерді әр өңірден жинайды. 1962 жылы шыққан «Москвичті» Петропавлдан айдап әкелді. Толық қалпына келтірілген көлік көрмеге қойылды. Студенттер әйгілі "Запорожецті" жөндеуден өткізді. Дәл осы модель бір кездері Кеңестік автомобильдердің шағын класында эволюция жасаған. Оған екінің бірі қол жеткізе алмайтын. Көрмедегі ең көне жәдігер - 1955 жылы шыққан «Победа» автокөлігі.
Рамис Зарипов, машина жасау факультетінің аға оқытушысы:
– Зауыттан шыққан қозғалтқышымен тұр. Біз оны жуып, тазалап қалпына келтіреміз. Қазір оның техникалық жағдайын тексеріп жатырмыз. Барлық бөлшегін түгендейміз. Қандай қосалқы бөлшек керек болады соны анықтаймыз.
Қалпына келтірушілер тек антиквариатты жандандырып қоймайды. Төртінші курс студенті Богдан Загозин электрлі мотоциклдерге әуес. Бұл оның ескі "Рига" мопедінің негізінде жинаған алғашқы үлгісі. Арманындағы техниканы қалпына келтіруге бір жыл жұмсаған.
Богдан Загозин, машина жасау факультетінің студенті:
- Бұл чоппер мотоциклы тәрізді үлгі. Түсі де ерекше болып шықты. Мен оны бояған кезде арнайы техниканы қолдандым. Кеңестік дөңгелектерді орнаттым.
Студенттер 3 жыл ішінде жиырмаға жуық ретротехникаларды жинаған. Коллекцияларын олар жыл сайын толықтырып отырады. Кейбіреулері өзгеріп қана қоймай, электромобильдердің гибридті нұсқасына айналады.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков