Ұлттық музейде «Әдемі ханшайым» картинасының түпнұсқасы ұсынылады
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз Facebook парақшасында жазды.
Жақында Мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы: «Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады», – деген еді.
Бүгін Ұлттық музейдің 10 жылдық мерейтойына орай, қазақстандық қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды.
Сондай-ақ Леонардо да Винчидің құпияға толы бірегей жауһарларының бірі «Әдемі ханшайым» картинасының түпнұсқасы көпшілік назарына ұсынылмақ.
Бұл шедевр Италия мен Швейцариядағы көрсетілімнен кейін Еуропадан тыс жерде бірінші рет қойылып отыр.
Көрме Қазақстан мен әлемдік қоғамдастық арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етіп, көпшіліктің назарын аудартып, барлық өнер сүйер қауымға тамаша сый боларына бек сенімдімін.
Биылғы маңызды оқиғалардың бірі еліміздің 60-шы Венеция өнер биенналесіне қатысуы болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны алғаш рет Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен көрмеге ұсынылды. «Navale» мұражайының тарихи ғимаратында Қазақстан «Jerūiyq» мифтік жер туралы ежелгі аңыздың заманауи интерпретициясын ұсынды. Бұл суретшілер, өнер сыншылары мен шетелдік қонақтардың назарынан тыс қалмады.
Венеция биенналесі осы жылдың 24 қарашасына дейін ашық болады.
Қазақстанда бейнелеу өнерін дамытудың маңызды аспектісі – реставрация қызметі. Қазір елімізде болашақ ұрпақ үшін мәдени мұраларымызды сақтап, құнды өнер және сәулет туындыларын қалпына келтіретін мамандар белсенді жұмыс істейді. Ұлттық музейде Консервация және реставрация қызметі жұмыс істейді, музей ашылғаннан бері қордағы 4500-ден астам экспонатты қалпына келтірді. 2023 жылы 11 қазақстандық реставратор Ресей мен Қазақстандағы жетекші шеберханаларда біліктілігін арттырды. Биыл тағы 10 реставратор Санкт-Петербургте, Баку мен Мәскеуде оқуын жалғастырады.
Мамандардың осындай күш-жігерінің арқасында өткеннен қалған жәдігерлер қайта жаңғырып қана қоймай, ұлттық болмысымыз бен мәдени мұрамыз да берік сақталмақ.
Осыған байланысты ҚР Ұлттық музейі жанынан отандық музей мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында Реставрация орталығы ашылады. Орталық музейлерді білікті реставраторлармен қамтамасыз етуге сеп болады, бұл жеке реставрациялау шеберханаларын құруға және тарихи-мәдени мұра объектілерін қалпына келтіру қызметін дамытуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Италияның Орталық реставрация институтымен орталық жұмысын ұйымдастыру үшін сарапшы жіберу туралы келісім жасалды.
Қазақстандағы бейнелеу өнері – дәстүр мен инновация тоғысқан жанды әрі серпінді сала. Біз суретшілеріміздің жетістіктерін мақтан тұтамыз және өнердегі барлық салада дамуын қолдаймыз.
Қазақстандық өнердің болашағы зор, біз жаңа тарихи оқиғалар мен жаңалықтарды асыға күтеміз!