«Күзде келген көктем» телехикаясы түсіріліп жатыр
«Күзде келген көктем». Бүгін дәл осындай атаумен жаңа телехикаяның түсірілімі басталды.
«Хабар Агенттігінің» тапсырысымен қолға алынған жаңа туындының продюсері - көрерменге «Келінжан» фильмімен жақсы таныс Гүлнұр Мамасарипова. Киногер бұл жолы көрерменге комедия емес, драмалық туынды ұсынбақ.
Бұл шығармашылық топтың экранға шығарған туындылары көрерменнің ерекше ықыласына ие болғаны шындық. Сөзімізге дәлел ретінде «Хабар» телеарнасының эфирінен көрсетілген бір ғана «Келінжан» телесериалын айтсақ та жеткілікті. Ал «Күзде келген көктем» картинасы шығармашылықтағы жаңа белес, - дейді танымал продюсер Гүлнұр Мамасарипова.
Гүлнұр Мамасарипова, фильмнің бас продюсері:
- Мен үшін бұл сериалдың жауапкершілігі екі есе, өйткені Келінжаннан кейін дәл сондай жоғары рейтинг беру қиындау болады деп ойлаймын. Бірақ, барымызды салып жатырмыз. 000855 Бұл мүлдем басқа «Келінжаннан». Жанрлық жағынан болсын, актерлік құрам жағынан боласын, басқа Келінжаннан. Актерлік құрамнан Мыңғатованы алдық, бірақ бұл жолы оның кейіпкері Ағила – Балқияға мүлдем ұқсамайды.
«Күзде келген көктем» драмасы тағдыр тәлкегіне түсіп, өмір жолында көктемнің шуағындай жылылықты аңсаған жандардың тұрмысынан сыр шертеді. Картинада казақы болмысы бұзылмаған ауыл өмірі шынайы көрсетіліп, отбасылық құндылықтар насихатталады. Бауырлар арасындағы жақындық пен сыйластық, ағалы-інілі кейіпкерлердің, қарым-қатынасы арқылы баяндалады.
Қымбат Хангелдина, "Хабар" Агенттігі" АҚ Алматы филиалының директоры:
- Біздің қорымызға тағы бір жақсы телехикая қосылады деп үміттеніп отырмыз. Хабар агенттігі өте көп күтеді бұл сериалдан. Біздің көрермендерге ой салатын, ой тудыратын, керемет дүние болады деп ойлаймын, сенемін соған.
Жаңа телехикаяның актерлік құрамы да мықты. Басты кейіпкерлердің рөлінде Ақбота Рахметова, Елдос Шайкенов, Әсел Асқар, Асланбек Жанбалаев ойнайды. Телехикаяның басым бөлігі ауылда түсіріледі. Сондай-ақ, қала өмірін көрсететін сахналар да бар. 30 бөлімнен тұратын кинотуынды жаңа телемаусымда көрермен назарына ұсынылады.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов