Оңтүстік Корея мұражайында қазақ мәдениеті таныстырылды
Оңтүстік Кореядағы Кимэ қаласының тұрғындары қазақ мәдениетімен танысты, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекеттік мұражайда Қазақстан күні өтті. Келушілер алдында белгілі жазушы және антрополог Кон Вон Гук сөз сөйледі. Ол жақында Алматы облысындағы Шелек ауылында болған екен, сапардан алған әсерімен бөлісті. Ғалым Жетісудың әсем көрінісін тамашалап, ұлттық көкпар ойынын көріп, қазақша еттің дәмін татуға кеңес берді. Кон көшпелілердің өмірін, олардың мал бағу әдістерін зерттеп, кітап жазуды жоспарлап отыр.
Юн Хён Вон, Кимхе ұлттық мұражайының директоры:
- Мұражайда тұрғындарды басқа елдермен таныстырып, ұлттық тағамдардан дәм татыратын көпмәдениетті академия бар. Қазақстан күнінде антропологты шақырдық. Ол Моңғолия мен Қытайда болды, бірақ оған бәрінен де Алматы облысы ұнады, өйткені онда тау да, жазық дала да бар, атқа мінуге болады. Мал шаруашылығы дамыған, ең бастысы, жергілікті халық өте мейірімді. Мен өзім Қазақстанға барғым келеді, өйткені шетелге барғанда жұрт мені қазақ деп ойлайды.
Ли Ю Джин, Кимхе қаласының тұрғыны:
- Қазақстан мал шаруашылығы мен атқа міну мәдениеті дамыған үлкен мемлекет екен. Сол жерге барып, атқа мініп, қазақ мәдениетімен жақынырақ танысқым келді.