Алматыда «Қара жәшік» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Алматыда режиссер Әсет Жұмақановтың «Қара жәшік» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды 24kz.

Бұл фильм бұған дейін «Хабар» телеарнасының эфирінен сериал ретінде көрсетілген. Жоба авторлары енді фильмнің толықметражды нұсқасын үлкен экраннан көрермен назарына ұсынды. Жас ұрпақты бір-біріне қамқор болуға үндейтін картина туралы тілшіміз әңгімелейді.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Фильмнің сюжеті адам тағдырына негізделген. Оқиға желісі бойынша полиция капитанының қызы жұмбақ жағдайда өзіне өзі қол жұмсайды. Қайғыға батқан әке басына түскен бақытсыздықты жеңе алмай қиналады. «Бұл рөл мен үшін өте қиын болды», - дейді актер.

Нартай Сауданбекұлы, актёр, жобаның бас продюсері:

- Оның да, кейіпкердің де, менің де негізгі ұқсастығымыз – ол бір нәрсені мақсатқа алсақ аяғына дейін жетуге тырысамыз, табандылық танытамыз. Қайтпау, мінезі бар, бірақ енді сериалдың кезінде менде «аллергия» деген болған. Тырнақшаның ішінде. Өйткені аллергияны біз әдейі қостық, аллергияның психосоматикасы ішіндегі ашуды сыртқа шығара алмай жүрген, айта алмай жүрген адам.

Ал, актриса Айжан Назарханқызы фильмде Айымның анасын ойнайды. «Ауыр болса да, осы рөлді таңдадым», - дейді ол. Әртүрлі жағдайды бастан кешкен шерлі ананың эмоциясын көрсету актрисаны кәсіби тұрғыда қызықтырыпты.

Айжан Назарханқызы, актриса:

- Бұл фильмнен кейін бір қосылған плюс – ол мен балалармен сөйлесуді көбейттім және күнделікті күні қалай өткенін, оларды қандай сұрақтар мазалайтынын күнделікті біліп тұруды әдетке айналдырдым. Бұл мен үшін фильмнің берген үлкен бір жетістігі деп ойлаймын. Және фильмнен кейін жекеге келген хаттар өте көп болды. Жекеге келген хаттар жасөспірім қыздардан болды.

«Фильмді экранға дайындауға екі айдан аса уақыт кетті», - дейді картинаның бас продюсері Азамат Атагелді. Картинаның түсірілім жұмыстары Қонаев қаласында өткен.

Азамат Атагелді, «Қара жәшік» толықметражды фильмінің бас продюсері:

- Әрбір ата-ана, әрбір отбасы, оның ең қымбаты – ол жанындағы жақыны екенін түсінсе деймін. Ең баға жетпес дүниесі ол перзенті. Әке болу, ана болу жеткіліксіз. Балаларымыз әлеуметтік желіге байланып, соның әсерімен бұрыс жолға түсіп кетпес үшін олармен жақын дос бола білуіміз керек.

Картина қазіргі заманның әртүрлі қырларын көресетеді. Негізгі ой – өкінішті салдарға апаратын әлеуметтік проблемаларға көрермен назарын аудару. Фильм бүгіннен бастап еліміздегі барлық кинотеатрлардан көрсетіледі. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев