La Bella Principessa картинасы Астанадағы көрмеге қойылды

www.akorda.kz

Аты Әлемге әйлігі суретші Леонардо да Винчидің таңғажайып туындысының бірі Астанадағы көрмеге қойылды, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгіннен бастап қала тұрғындары мен қонақтары италиялық қылқалам шеберінің жұмбаққа толы картинасын шаһардағы Ұлттық музейден көре алады.

La Bella Principessa– италиян тілінен аударғанда «әдемі ханшайым» дегенді білдіреді. Мұнда ақсүйек әулетінен шыққан қыздың портреті бейнеленген. Қылқалам шеберлері суретшінің бұл туындысын «жұмбаққа толы картина» деп атайды. Көрменің ашылу салтанатында қызыл лентаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, Италияның Қазақстандағы елшісі, Италия мәдениеті институтының және «Скрипта Манинт» компаниясының директорлары, сондай-ақ 2 демеуші мекеменің басшылары қиды.

Әлия Есжан, «ForteBank» АҚ басқарушы директоры:

- Идея Италия елшісі Марко Альбертиге тиесілі. Біз оны қабыл алып, демеушілік жасадық. Картинаны Қазақстанға алып келу үшін жарты жыл дайындалдық. Көрмеге тек еліміздің тұрғындары емес, өзге ел азаматтары да келіп, картинаны тамашалай алады.  Бұл –  қазақ мәдениеті үшін маңызды оқиға.

Ғасырлар бойы жасап келе жатқан туынды әлем бойынша тек 5 рет көрмеге қойылған. Оны елден елге көшіру оңай емес. Мұндай істе асқан жауапкершілік пен демеушілердің көмегі қажет. Бұл тұрғыда «ForteBank» пен «Mastercard» компаниясының үлесі зор.

Санжар Жамалов, Mastercard компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы бас директоры:

- Картинаны еліміздегі көрмеге қою компанияның тұжырымдамасына сәйкес келеді. Себебі адамдарға эмоция сыйлағанды жөн көреміз. Яғни, мәдени шараларды қолдау – Mastercard компаниясы жұмысының маңызды әрі басты бағыттарының бірі болып табылады.

Көрме – Қазақстан мен Италия ынтымақтастығын нығайтудың тағы бір мүмкіндігі. Алдағы 2 ай бойы азаматтар Астанадағы Ұлттық музейде ерекше туындыны тамашалай алады.

Авторы: Альмира Оразбай.