Сеулде қазақ-корей кинофильмінің премьерасы өтті
Шарын шатқалы мен Көлсай көлі. Қазақстанның осы және өзге де көрікті жерлері Оңтүстік Корея тұрғындарына таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.
Сол елде «Жалға берілетін қалыңдық» кинофильмінің премьерасы өтті. Режиссер Лим Чан Ик түсірген фильмде екі елдің танымал актерлері Ли Джу Сын мен Адина Бажан ойнайды. Қазақ-корей киносын көрермендермен бірге Сеулдегі меншікті тілшіміз Владислав Цой тамашалап қайтты.
Владислав Цой, тілші:
- «Жалға берілетін қалыңдық» фильмі Оңтүстік Кореядан Қазақстанға жергілікті корейлердің үйлену тойы туралы деректі фильм түсіруге келген режиссер көмекшісінің өмірін баяндайды. Бірақ оның жолы болмай, жалған үйлену тойын жасауды ұйғарып, өзі күйеу болып, жергілікті тұрғын қалыңдық болуға келіскен. Фильм Алматы облысының Саты ауылында түсірілген.
Лим Чан Ик, режиссер:
- Маған фильм түсіру идеясы қазақстандық режиссер Пак Русланмен кездескеннен кейін келді. Қазаққа ұқсайтындықтан, олар бізді жергілікті деп есептейтін. Бізді көргеніне қатты қуанып, көмек қолын созды. Кейбір эпизодтарға Саты ауылының тұрғындары түсті. Қазақстандықтар жылы шырайлы, ашық-жарқын халық. Маған бәрі бір кісідей көрінді. Корей актерлеріне қатты ұнады, олар енді Қазақстанға қайта келуді сағына аңсап жүр.
Фильмге Оңтүстік Кореядан 10, ал, Қазақстаннан 50-ге жуық түсіру тобының мүшесі қатысты. Басты рөлдерді оңтүстіккореялық және қазақтың танымал актерлері Ли Джу Сын мен Адина Бажан сомдады.
Чон Хе Джин, киноорталық директорының орынбасары:
- Маған фильм қатты ұнады. Қазақ корейлері туралы білдім. Осы кинодан кейін менің де Қазақстанға барғым келіп тұр. Табиғаты өте әдемі, үлкен экранда өте әсерлі көрінеді екен.
Фильм осы елдің 70 кинотеатрында көрсетілді. Премьерасы 12 маусымда, яғни, президент Юн Сок Ёль Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген күні өтті. Қазақ фильмін оңтүстіккореялықтар күзде көруі мүмкін. Біздің режиссерлеріміз Пусан халықаралық кинофестиваліне қатысады деп күтілуде.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян