Түркияда «Исмиль» қазақ мәдени орталығының жаңа ғимараты ашылды

Түркияның Кония провинциясында «Исмиль» қазақ мәдени орталығының жаңа ғимараты ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті қандастардың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске қосқан ғимаратында «Абай үйі» де бар. Жаңа орталыққа осы елдегі тілшіміз Меруерт Қанағат та барып, қуанышты бөлісіп қайтты.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Ұлы көш… 70 жыл бұрын басталған тарих…Гималай асып, Пәкістан мен Үндістанды артқа тастап, соңғы табан тіреген жері Түркия Республикасы болды. Көштің ұзақ әрі азапты сапарынан кейін Анадолы жерінің қақ ортасындағы Исмиль ауданы қазақтар көп шоғырланған қасиетті мекенге айналды. 1955 жылы Түркия үкіметі Исмильдің шығыс бөлігінде үйлер салып, егіншілікпен айналысу үшін белгілі мөлшерде жер берген еді.

Айша Саваш, Исмиль ауылының тұрғыны:

- Мына жер маған ыстық. Неге десеңіз, бұл жер менің туған жерім. Бұл жерде өспесем де, тудым. Әпкелерім мен ағаларым осында туды. Біздің әлі осында үйіміз бар. Үкімет берген мүлігіміз бар. Егін егетін жерлеріміз бар. Сондықтан осы жер біз үшін өте ыстық.

Исмильде тұрақтаған қазақтар алғашында қиналды. Жаңа ортаға бейімделіп жергілікті халықпен жақсы қарым-қатынас орнату оңай соқпады, біраз жылдар керек болды. Халықтың басым көпшілігі тері саудасымен айналысқандықтан, Ыстамбұлмен сауда байланыс көпірі орнады. 1990 жылдары Исмильден басым бөлігі Ыстамбұлға, кейінірек Еуропаға қоныс аударды. Қазіргі таңда ресми деректерге сүйенсек, Исмиль ауданында алғашқы жылдармен салыстырғанда қазақ диаспорасының саны азайған.

Қатибан Әділбайқызы, Исмиль ауылының тұрғыны:

- 1952 жылында Түркия үкіметі бізді алдырды. «Сіздер қайда барасыздар, қайда орнығасыздар, қай жерді берейік», дегенде біз мал баққанбыз. Жайлауға шығамыз. Таулы жерден үй берсең, жер берсең деген екен. Оған түрік үкіметі үй береміз, егетін егін береміз дегенде осы жерде берген екен. Осы жерде өстік. Бұл – менің ауылым. Мынау үй менің әкемнің үйі болатын. Менің төрт балам бар. Екі ұл, екі қызым бар. Бәрі отбасылы.

Түркиядағы қандастарымыз салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа берік. Жаһандану кезеңінде өсклең ұрпаққа ұлттық сананы сіңіре отырып тәрбиелеу мақсатында мәдени бірлестіктер мен қоғамдық қорлардың рөлі зор. Осыған байланысты Конияда «Исмиль қазақтарының мәдени үйі» мен Абай үйі ресми түрде ашу шешілді. Салтанатты рәсімге Қазақстан елшісі, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті, Ыстамбұлдың Зейтинбурну және осы Исмильдің орналасқан Қаратау айданы әкімі де келіп қатысты. Мәдени орталық қандастар мен Қаратай әкімдігінің қолдауымен бой көтерсе, «Абай үйі» Қазақстан елшілігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен «Отандастар» қорының ұйытқысымен ашылды.

Мехмет Алим, Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамы басшысы:

- Біздің арманымыз бар еді. Осы ауылда 3-4 қазақ болса да, қалада 15 үй қазақ болса да, қазақ мәдени орталығын ашсақ, қазақтың, Қазақстанның туы мен Түркияның туы аспанда бірге тұрса деген арманымыз бар еді. Сол арманымызға жеттік.

Данияр Қадыров, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:

- Бұны бұрынан бері жоспарлап жүрген болатынбыз. Кониядағы Исмиль ауылында мәдениет орталығын ашып, Абай үйін ашу ойларымыз бұрынан бері болған. Қазірге кезде өз мәресіне жеткізіп отырмыз. Жан- жақтан қазақстаннан қонақтар келді. Өнер қайраткерлері келді. Осы іс- шараның ең маңыздысы – Мәдениет үйі мен Абай орталығын ашу. Әсіресе, қазақтардың жастарға деген үлкен көмек көрсетеді. Бұл жерде тіл оқиды.

Исмиль мекенінің Түркия мен Еуропадағы диаспора үшін орны ерек. Сол себепті болар, Ыстамбұл, Анталия мен Анкара сынды қалалардағы қандастарымыз мәдени үйдің ашылуына арнайы келіпті. Іс-шара соңы Қазақстаннан келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.