Тарихы терең домбыра

"Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра!"

Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Елмен бірге жасасқан ұлттық аспабымыздың тарихы туралы әріптесіміз Зарина Кәп сюжет дайындаған еді. Көрейік.

Жүргізілген зерттеулерге қарасақ, домбыра мен өзге халықтардың осыған ұқсас аспаптары орта ғасырда пайда болған деседі. Ол әл-Фарабидің еңбегінде «тамбур» деп аталса, өзбектің екі ішекті дутар аспабы әл-Хусейнидің жазбасында бар.

Жанғали Жүзбаев, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры:

- Жетісу өңіріндегі домбыраның суреті салынған жартастың кезеңін біздің ғасырдан анықтағанда ең кемі 4 мың жыл бұрын жазылған деген әңгіме түйеді. Тура осындай домбыра ұстап отырған сал-серінің тастағы мүсіні ол Өзбекстан жерінде Ташкенттің маңайында табылған. Онда да осы қазіргі домбыраның сұлбасы. Соған қарағанда шынымен де домбыраның жасы ғалымдар жазып жүргендей 4 мың – 5 мың жыл болуы мүмкін.

Күйші Едіге Нәбиевтің айтуынша домбыраның шығу тарихы туралы әртүрлі аңыз бар. Соның бірі – ертеде жас жігіт жолда келе жатып, терекке ілініп кеуіп қалған ішектен шыққан әдемі әуезді естігені.

Едіге Нәбиев, күйші, шебер:

- Содан жігіт теректің басына шығып ана ішекті кесіп алып, үйіне келіп, ағашты алып, жұқалау қолға сыятын етіп, ішекті тартып, шертіп қараса керемет дыбыс шығады. Содан бастап дыбыс шыққаннан кейін ары қарай келтіруге болады екен. Ағашты тегістеп, қолға сыятындай етіп, ыңғайлап, төмен жағын кішкене іліп, бас жағына құлақ жасап, содан домбыра солай шыққан деген тарихта әңгіме бар.

Домбыра көбінде екі ішекті болғанымен оның үш ішекті түрі де кездеседі. Ол да тарихта ертеден бар. Әсіресе ән айтқанда көп қолданылады

Жанғали Жүзбаев, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры:

- Абайдың домбырасы дейміз, қосбұрау, үш ішекті домбыра. Мұны сонау Абайдан бастап, берідегі Шәкір Әбеновке дейін осы домбырамен өлең айтқан, күй тартқан. Өзінше үні бар, даланың дауысы шығып тұрады.

Домбыраның тарихы туралы зерттеулер әлі де толық аяқталмаған. Алайда тіл күрмеліп тұрғанда жүрек қылын шерткізген бұл домбыра атадан балаға мирас. Бүгінгі Ұлттық домбыра күні де осы аспаптың ұрпақ жадында қалуына сеп болмақ.

Зарина Кәп, Ақылбек Есімсейтов, 24.KZ