Бабадан қалған домбыра

Қазақ мәдениетінде ерекше орын алатын мерекенің бірі – Ұлттық домбыра күні.

Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне түсетін бұл мейрамды биыл 6-мәрте атап өтеміз. Осы мереке қарсаңында тілшіміз көрмеге барып, бабадан жеткен домбыраларды көріп, сырына қанығып қайтқан еді.

Алдағы жексенбі елімізде Ұлттық домбыра күні. Осыған орай Қазақстан Республикасының ұлттық музейінде ерекше экспозиция құрылған. Ол, әрине, домбыраға арналады. Мұнда қазақтың қара домбырасының түр-түрі қойылған. Олардың ерекшелігін ғылыми қызметкерлер айтып берсін.

Сырым Хасенов, ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері:

- Экспозиция төрінде орын алған алмұрт тәрізді домбыра, бұл әйгілі күйші Дина Нұрпейісоваға тиесілі. Бұл Батыс Қазақстан өңіріне тән. Келесі домбыраға тоқтайтын болсақ, бұл қалақ түріндегі домбыра. Бұл Орталық Қазақстанға тән. Шертпе күйдің күйшілері тартқан домбыра. Бұл қалақ домбырамен атақты Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков күй тартқан.

Арнайы мерекелік экспозицияда бас-аяғы 17 домбыра қойылған. Олардың ең ескі дегендері 18-19 ғасырларға жатады. Кейбірі қазақтың күйші, жазушы, халық әртісіне тиесілі болса, енді біраз бөлігі елімізге белгілі музыканушының коллекциясынан алынған аспаптар.

Сырым Хасенов, ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері:

- Біздің ұлттық музей қорында Болат Сарыбаев коллекциясынан бірнеше домбыра топтамасы сақталған. Сол топтаманың ішінде Дина Нұрпейісованың, Бек Тоғысбаевтың, жазушы Дүкенбай Досжанұлының, қазіргі халық әртісі Айгүл Үлкенбаеваның домбырасы да осы экспозиция төріне қойылды.

Иә, экспозицияға келген қонақтар домбыраның түр-түрін тамашалап қана қоймайды. Оның құндылығына үңіліп, тарихымен де танысып жатыр. Жәдігердің барлығын музейге аспап иелерінің жақындары сыйлады. Солардың ең айтулысы – белгілі композитор Кенен Әзірбаевтың домбырасын өз баласы тарту еткен.

Мөлдір Молдағали, Ақылбек Есімсейітов, 24.KZ