Алматыда Dombyra Fest флешмобы өтті
Алматылық оқушылар Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін әуезіне келтіріп орындады, деп хабарлайды 24kz.
Өнерпаз балалар 7 шілде, жексенбіде болатын Ұлттық домбыра күніне арнап Dombyra fest фелешмобын ұйымдастырды. Іс-шара Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің алдында өтті.
Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде күй шертіп, қонақтардың қызығушылығын тудырған Жарас Манастың жасы он төртте. Қолына киелі аспапты ұстағанына 4 жыл болыпты. Қазір Жарас 20-ға жуық күйді жатқа біледі.
Жарас Манас, оқушы:
- Бұл – қазақтың ежелден бері келе жатқан ұлттық аспабы. Мен қазіргі жастардың ойнағанына қызығамын. Себебі мен өзім 10 жасымнан бастап ойнадым. Егер ертерек бастағанда одан да жақсы нәтижеге қол жеткізетін едік. Мысалы, көңілдегі мұңды ауызбен жеткізе алмағанды күймен жеткізуге болады.
Dombyra Fest фелешмобына тек мектеп оқушылары шақырылған. Жас таланттардың өнерін музей ұжымы мен қала тұрғындары тамашалады. Олар бір уақытта Құрманғазы Сағырбайұылының «Адай» күйін шертіп, композицияның құдіретін көрсетті.
Флешмобтың мақсаты – ұлттық аспаптың жастар арасындағы танымалдығын арттыру. Ұлттық мұраның орталығына айналған музейде қазір 23 тарихи тұлғаның домбыралары сақтаулы тұр. Олардың арасында Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиевтің домбырасы бар. Мұндағы ең ескісі – Махамбет Өтемісұлының домбырасы. Екі ішекті жәдігер музейге 1985 жылы тапсырылған.
Әдемі Мұратова, экскурсия жүргізуші:
- Бұл домбыраның ерекшелігі – бет тақтайы реставрациядан өткен. Қалған бөлігі толығымен сақталған. Бұл жерде 19 пернесі бар және бет тақтайы жұмыр шанақты болып келеді. Сонымен қатар қосымша екі ойығы бар, ортасында бір ойығы бар құмсағатқа ұқсас. Екі ойығының жасалу себебі – дыбыс ауқымының кең шығуында.
Музей қоры әрдайым толықтырылып тұрады. Соңғы домбыраны күйші-композитор Мағауия Хамзин көзі тірісінде өз қолымен табыстаған. Музейге келген туристер лекция-концерттерді тамашалап, қазақ халқының мәдениетімен, өнерімен етене таныса алады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон